14:48, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Қылмыстық топ мүшелерінен 20,5 келіден астам гашиш пен 17 қап марихуана алынды
АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - «Дельта-Долина» өңіраралық есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Жамбыл облысы ІІД-нің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп, Шу ауданының «Еңбек» учаскесінде 26 және 30 жас аралығындағы төрт жігіттен құрылған қылмыстық топты құрықтады.

Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз хабарлады.
«Ұсталғанның бірінен 225 грамм гашиш тәркіленді. Ал жергілікті жерді тексеру барысында сату үшін дайындалған салмағы 258,5 келі кептірілген 17 қап марихуана және 20,5 келіден астам гашиш табылды. Сол жерде есірткі заттарын ұнтақтауға және бөліп салуға арналған құралдар болған», - дейді Н.Ораз.
Жалпы, өткен аптада република бойынша есірткіге қатысты 52 қылмыс ашылды. Оның ішінде 29 - сату фактісі. 339, 7 келi есірткі құралы, оның ішінде 1,5 келіден астам героин тәркіленді.