Қылын шерткен сезімнің...

Жайық бойында дүниеге келіп, осы бір нәзік те кірпияз өнер жолына түскен қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш ксилофоншы Алма Айдынғалиеваны біреу - білсе, біреу - біле бермейді, - дейді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің меңгерушісі Алтын Иманбаева.
Өзіміз бала кезімізден әуе толқыны арқылы тыңдап, өнеріне тәнті болған Алма апамыз саналы ғұмырын қиындығы мен қызығы қатар жүретін өнер жолын қалап алған өз ісінің майталман маманы еді.
«Қазақконцерт» бірлестігінде еңбек етіп, сахна шеберлерімен еліміздің түкпір-түкпірін аралап өнер көрсеткен ол тоғыз айлап сапарда болатын. Өнер иелерін күтетін ауыл көрермендері әнші-күйшілерге әркез қошемет көрсетіп өнерін тамашалайтын.
Алма ұзақ жолда үнемі ой құшағына берілетін. Бір басына жетеін мұңы да бар еді...Әр адамның пешенесіне жазған өз тағдыры болса, бұл кісіде де бізге беймәлім, жанын мазалайтын ой, жауабын таппаған сұрақтар көп болатын.
Біз қазақ өнеріне еңбегі сіңгенменен еленбей қалған Алма Айдынғалиева жайлы ортақ ой айтып, ол кісінің жүріп өткен өмір жолы мен шығармашылығы жайлы білгіміз келіп, студияға ұзақ жолда сапарлас болған құрбылары мен сіңлілерін шақырып ортақ ой бөліскен едік, «өлі риза болмай тірі байымайды» дегендей, өмірден өткен адам жайлы бір сәт еске алайық деген мақсатпен Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұлованы сөзге тарттық:
Алтын: Сара апай, өзіңіз «Қазақконцерт» бірлестігінде көп жылдан бері еңбек еттіңіз. Сол кездерде үлкен апаларыңыз сізге жол көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп, жинақтаған тәжірибелерімен бөліскені аян ғой. Осы ксилофон аспабының шебері Алма Айдынғалиева жайлы біз көп айтпаймыз. Бір еске алайық, деп осындай хабар ұйымдастырып жатқан едік. Дәл қазір ол кісіні білетін адам ілуде біреу. Сондықтан көзкөрген ретінде апаңыз жайлы тереңірек толғап берсеңіз:
Сара: Алма апамыз ксилофон аспабында ерекше ойнаған жалғыз ғана қазақ қызы еді. Бұл кісінің ксилофоны ән салып тұратын. Мен апаймен іссапарға бардым. Адамгершілігі қандай еді. Бұл дүниеде жақсы адамдар көп. Жақсының бірі де бірегейі - осы Алма апай еді. Біз концерт қойып малшыларға, шахтерлерге, бидай егіп жатқан егіншілерге де бардық. Қай сахна болсын ксилофонын құрып, халықтың алдында адал еңбек еткен Алма апамыз еді. Есіме түсіп көзіме жас келіп отыр. Бұл бір адам өміріндегі қайталанбас сәттер еді. Сахнаға қалай шығу керек, қалай жүру керек екенін де үйретіп отыратын. Халыққа деген ол кісінің көңілі ерекше еді. Өзінің халқын шын жүрегімен, адал көңілімен сүйетін ерекше адам еді.
Алтын: Естуімше, ол кісі ксилофон аспабында ойнағанда көрермен үнсіз тыңдап қалушы еді, аспаптың үні ерекше шығатын, - деп көз көргендер жиі айтатын. Сіз тыңдап отырғанда қандай сезімде болдыңыз?
Сара: Ерекше қасиеті болатын, аспапта ойнаған кезде дүниені ұмытып арқаланып кететін. Бұл кісі ксилофонды сөйлететін. Ол кісі өмірін ксилофонға арнағандай болып көрінетін. Сыңғырлаған ксилофонның үні әлі менің құлағымда..
Алтын: Өмірін қасиетті өнер жолына арнағанымен еңбегі елеусіз қалуының себебі не деп ойлайсыз?
Сара: Алма апайдың қарапайымдылығына байланысты ғой деп ойлаймын, ол кісі еш уақытта мен деп айтқан адам емес.
Алтын: Өнер адамы сұлу болу керек. Бұл кісінің кескін-келбеті қандай еді, тыңдаушымыз көз алдына елестете отырса:
Сара: Арықша келген балерина сияқты нәзік адам еді. Ксилофоны да ән салып, аққу ән салып тұрғандай болатын.
Басына үкілі тақия, қазақша киім киіп әдемі болып сахнаға шығатын. Қазір ойлаймын, қазіргі қазақ қыздары неге Алма апай сияқты ксилофонда ойнап сахнаға шықпайды екен деп. Кейде Алма апайды сағынғанда көз алдыма келеді, ол сұлулардың қатарына жататын еді.
Алтын: Қазақ өнеріне еңбек сіңірген әншілеріміздің бірі - Сара Мамытова Алма Айдынғалиева жайлы сөз қозғағанда сәл толқып кетті:
- «Қазақконцертте» көп жыл бойы бірге жұмыс істедік. Сондай ақжарқын, қатар жүрген достарына аса мейірімді еді, халық сондай қарсы алатын, қазақ қызы бұны қалай игеріп алды екен,- деп таңғалатын. Амал қанша, сондай еңбегі бағаланбады ғой. «Қазақконцертте» он бес -жиырма жылдай еңбек етті. Қалқам өмірден ерте кетті, баласы бар, қызы бар. Тәртіпті, мінезі биязы адам ретінде менің есімде қалды. Адамның бәрін бірдей көрді, өзі де бір бауырмал, жүрегі жұмсақ жан еді, көзі тостағандай сұлу жан еді...
Алтын: Өмірін өнерге арнап атақ-даңқсыз қалған адамдар қаншама?!... Тіптен соншама жыл еңбек етіп, Қазақ радиосының алтын қорында үні қалмаған қаншама әнші-күйшілеріміз бар. Осындай ұлттық өнерімізді жандандырып, көп жыл бойы сахна шеберлігін шыңдаған әншілеріміздің бірі - Зәуреш Есбергенова Алма апасы жайлы жүрекжарды сырын былайша жеткізді:
Зәуреш: «Ол кісімен мен көбірек іссапарда көп болдым. Алма апай тума дарын иесі. Ол кісі ойын бетке айтатын бірбеткей жан еді, мен бір мынандай оқиғаны айтып кеткім келеді. Ол кезде қонақүйлер жоқ, барған жерде үйге түсеміз. Содан кейін сізді қонақ қылады. Ауылдың әкімдері жиналады. Сондай отырыста өлеңдер айтылады, концерттен кейін де концерт болады, таңға дейін отырасыз, ол бір керемет кездердің бірі еді. Сонда Ескендірдің әні бар, өлеңін жазған Бәкір Тәжібаев, «Көңілдің кейбір кездері» деген ән. Осы әнді мен айтатынмын, сонда ол кісінің көзінен бұршақтап жас ағып, үнсіз жылап отырады. Содан кейін басқа ауылға да барамыз. Бір күні; «Зәуреш, сен сол әнді тағы да бір айтып берші, ғажап ән ғой, бұл өмір ғой жатқан»- деп әркез айтып отыратын. Және қай жерге келсек те -Зәурешке сол әнді айтқызу керек,- деп отыратын. Ол осы әнді тыңдағанда көзі тұнжырап, көзінен еріксіз жас тамшылап, үнсіз жылап отырушы еді, соның сырын сұрауға батылым бармайтын. Аспан түстес көгілдір көзімен тұңғиықтан кірпігін қақпай қарап отырушы еді. Мен ол кісіні мәңгі бақи ұмытпаймын. Мәңгі - бақи осы көріністер жүрегімде сақталып қалды...
Алтын: Осы аспапты ойнағанда халықтың қабылдауы қалай еді?
Зәуреш: Ксилофон аспабын ең бірінші біріміз шығып сахнаға орнатамыз, содан кейін «енді сахнаға Алма Айдынғалиева шығады» деп хабарлағаннан кейін ел ду қол шапалақтайды, ол кісі жайнап қазақ киімімен шығады, өзі әдемі, басын сәл иіп таяқшамен ойнай бастайды, ой, бір сыңғырлатып қазақтың халық әндерін орындайды дейсің, біз үнсіз тұрып тыңдайтынбыз. Ойнау шеберлігі асқан кәсіби түрде еді.
Орал жері ән мен жырдың елі ғой, өзіңіз білесіз. Бұл кісі Оралдан ән оздырған Мұхит бабамыздың елінен болатын.
Ол кісіні халық ұмытып кетті деген дұрыс әңгіме. Бұдан қырық жыл бұрын радиодан беріліп жататын. Біз сол кісімен сапарға шыққанымызға мәз болып жүретінбіз. Ол кісінің Берік деген жалғыз ұлы болды. Апай қайтыс болғанда мен Алматыда едім. Мен қоштасуға бардым. Сонда ұлы Берік әскерде болатын, жаңағы баланың көз жасы көл болып жылағанын көрсеңіз. Ұл бала соңғы сапарға еңіреп тұрып жоқтап шығарып салды.
Алма Айдынғалиеваның соңғы сапарға шығаруға келген адамда сан болған жоқ, ол өз өнерімен халқына сыйлы болды.
Алтын: Тұрлауы жоқ опасыз өмірден өткен өнер иесінің адами міндетін мінсіз атқарғаны жайлы бірге жүрген әріптестері жақсы айтты. Қазақ сахнасының хас шебері Алма Айдынғалиеваның досқа адал, шыншыл, бауырмал да ақкөңіл жан екендігіне көзіміз жетті. Әншілердің естелігінен баланың анаға, ананың балаға деген махаббатының куәсі болдық. Ажары мен жан сұлулығы жарасым тапқан нәзік жанды өнер иесінің бұл дүниеге тегін келмегенін, өнер үшін жаралып сол қасиетті бойына кие етіп қондырған жан екенін білдік. Сыңғырлаған ксилофон үнімен тыңдаушысының жүрек қылын шертіп, сілтідей тынған қауымның көңілінен шыққан кездерін көз алдымызға елестеттік.Өткенге оймен барлау жасап, аяулы жанның өмірінен бір үзік сырды көкейімізге түйдік. Фәни дүниеге қас-қағым уақытқа келіп, бақилыққа көшкен асыл бейне, дарын иесінің жүрек лүпілі осы бір ойнаған үш-төрт шығармасында қалғандай әсерде қалдық. Ең бастысы артына ұл мен қыз қалдырған аяулы ананың өмірі мен өнері жайлы аз ғана мағлұмат бердік.
Әр адамның өмірінен том-том кітап жазатынын ескерсек, Зәуреш «Көңілдің кейбір сәттері» әнін орындағанда Алма апамыздың егіліп отыратын мұңға толы жан-тебіренісі біз үшін жұмбақ.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты
Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі