Қырғыз Республикасындағы қазақтар Наурыз мерекесін тойлауды бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қырғыз Республикасындағы қазақтар Наурыз мерекесін тойлауды бастап кетті. Бішкек қаласындағы Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясында Наурыз тойына арналған мерекелік шара өтті.

Мәдени шара Қырғыз Республикасының Тарих және мәдениет жылына орай Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы Еркін Бөлекбаевтың 55 жасқа толуы мен мен Қырғыз Республикасы мәдениетінің үздігі, Халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші Ержан Мусиннің шығармашылық кешіне арналды.

Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы Еркін Бөлекбаев Наурыз мерекесінің бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтаудағы маңызы мен рөліне ерекше тоқталды.
«Биылғы жыл ерекше мерекелік шараларға толы. Қырғыз және Қазақстан Республикаларының тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұнға - 1000 жыл, Тайлақ батырға - 210 жыл, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерлісіне - 100 жыл. Қырғыз автономиялы республикасына 90 жыл, Қырғыз КСР-іне 80 жыл болады. Сондықтан Тарих және мәдениет жылына орай Наурыз мерекесі қарсаңында әдебиет, өнер лауреаттарын анықтауды ұсынамын», деді Е.Бөлекбаев.
«Наурыз - шығыс халықтарының жыл бойы сағына күтетін ерекше мейрамы. Біздің Қазақстанның батыс өңірінде Наурызды тойлау басталып кетті. Оны Көрісу деп айтады. Баяғыда көшіп-қонып, алты ай қыс бірін-бірі көрмеген бабаларымыз малдың аузы көкке, бала-шағаның аузы аққа енді жеткен кезде наурызда бірімен-бірі көрісіп, құшақтасып, сағыныштарын басып,тойлап жатады екен. Бұл содан қалған дәстүр. Биыл Қазақстанда халық Наурыз мерексінде 5 күн демалады», - деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.
Мерекені атап өтуге жергілікті халықтан бөлек Қырғыз елінде тұрып жатқан қазақтар көп жиналды.
«Наурыз айының аяғында Қырғызстан театрлары, өнерпаздары қазақ театрының қарашаңырағы саналатын Алматыдағы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өз қойылымдарын ұсынады. Ол да екі ел арасындағы туысқандықтың белгісі деп санаймын», - деді Қырғызстандағы Қазақстан Елшісінің кеңесшісі Ербол Ахметов.
Онда тек Қырғызстан ғана емес, Қазақстаннан да бірқатар өнер шеберлері арнайы келіп өз өнерлерін паш еткен болатын. Салтанатты шара соңында сөзін Қиялбек Урманбетов жазып, Назарбак Байжігітов қазақшалап, Рафаэл Сарлықов әнін шығарған «Алаш балалары» алғаш рет орындалып, ол Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы әнұраны деп жарияланды.

Соңғы жаңалықтар
telegram