Қырғызстан азаматы Түркиядағы жер сілкінісі кезінде қайтыс болды

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Түркияда болған жер сілкінісінен қырғыз азаматы қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«11 ақпанда расталған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың 6 ақпанында Түркия Республикасының оңтүстік-шығысында болған жер сілкіністері салдарынан Қырғызстан Республикасының азаматы Хатайда қайтыс болғанын қайғымен хабарлаймыз. Марқұмды туыстары таныды», - деп хабарлайды Қырғызстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінен.

Ведомствоның хабарлауынша, Қырғызстанның Анталья қаласындағы Бас консулдығының өкілдері марқұмның мәйітін еліне жөнелтуге және құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін Хатайда жүр.

Бұған дейін Қазақстан құтқарушыларын апарған бортпен Түркиядан 16 қазақстандық және 2 Қырғыз Республикасының азаматы Астанаға жеткізілетіні, Газиантеп қаласынан арнайы бортпен Қазақстанның 42, Қырғызстанның 22 азаматы эвакуацияланғаны хабарланған болатын.

Зілзала салдарын жоюға көмектесу үшін Қырғызстан Түркияға елдің Төтенше жағдайлар министрлігінің 63 қызметкерін, сондай-ақ қосымша 100 құтқарушы, киіз үй және гуманитарлық көмек жіберді.

Фото: mfa.gov.kg


Соңғы жаңалықтар