Арнайы бортпен Түркиядан Қазақстанға 64 адам эвакуацияланды

None
ГАЗИАНТЕП. ҚазАқпарат – Арнайы бортпен Түркиядан елімізге 64 адам жеткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА арнайы тілшісі.

«Газиантеп қаласынан арнайы бортпен Қазақстанның – 42, Қырғызстанның 22 азаматы эвакуацияланды», - деп мәлім етті оқиға орнынан ақпарат таратып жатқан агенттік тілшісі Ақжігіт Шүкібай.

Елге оралған азаматтар Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакыр, Шанлыурфа және Элязык провинцияларынан келген.

Осы уақытта арнайы борт Астана халықаралық әуежайына қонды. Эвакуацияланған адамдар паспорттық бақылаудан өтіп жатыр.


Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы Газиантепке кешке кешқұрым жетті. Қазақстан ұшағымен алғашында 16 адам эвакуацияланған еді.

Қазір Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандықтар іздестіріліп жатыр. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні кешке аман-есен табылды.

Төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқарманың (AFAD)дерегіне сәйкес, 6 ақпан күні Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған 10 провинцияда 3 айға төтенше жағдай режимін енгізді.


Кеше, 8 ақпанда түрік елінде 5,4 магнитудасымен тағы бір сілкініс тіркелді. Соңғы мәліметке сәйкес, Кахраманмараштағы зілзала салдарынан 12 391 адам көз жұмды, 62 914 адам жарақат алды.

Ал Сирия денсаулық министрлігінің соңғы ақпаратына сүйенсек, елде кем кедегенде 2,5 мың адам қаза болды, 4,6 мың адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар