Қырғызстанда азық-түлік бағасы 12,6 пайызға қымбаттады

БІШКЕК. ҚазАқпарат - Қырғызстанда жыл басынан бері 12,6 пайызға қымбаттаған азық-түлік бағасымен қатар экономикалық көрсеткіштер де өсуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қырғыз Республикасының Ұлттық статистикалық комитетіне сілтеме жасап.
None
None

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың ең қымбат өнімдерінің ішінде қант 41%-ға, ұн 25,5%-ға, жаңа піскен жемістер 20,7%-ға, сүт өнімдері 16,7%-ға, нан 14,5%-ға, қарақұмық – 14,3%, балық – 13,4%, алкогольсіз сусындар – 13,2%, қой еті – 12,9%, сиыр еті – 7%, жаңа піскен көкөністер – 3,7%-ға қымбаттады.

Жыл басынан бері республика бойынша тұтыну бағалары мен тарифтердің өсуі 9,6%-ды құрады. Азық-түлік өнімдерімен қатар алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы 12,9%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 5,6%-ға, халыққа көрсетілетін қызметтердің тарифі 4,9%-ға қымбаттады.

Бағалар мен тарифтердің өсуі елдің барлық аймақтарында байқалды. Бұл ретте ең жоғары көрсеткіш Қырғызстан Республикасының Нарын облысында (14,4%) тіркелді, себебі алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдері (27,1%-ға) қымбаттаған.


Соңғы жаңалықтар