Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша Қазақстан мен Түркия бірлескен іс-қимылдарды іске асырады - Қ. Саудабаев

Бұл туралы бүгін Астанада Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездескеннен кейінгі брифингте ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев мәлім етті.
Қ. Саудабаев бүгінгі кездесуде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға, ал Түркияның Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңеске төраға ретінде Қырғызстандағы ахуалды тұрақтандыруға қатысты екі жақтың да күш-жігерін біріктіру мәселелері қаралғанын жеткізді.
«Сондықтан Түркия министрінің Қазақстанға сапармен келгеніне алғысымды айтамын. Бізде бірлескен нақты іс-қимылдардың жоспарын әзірлеу бойынша келісім бар. Оны аяқтағаннан кейін және өзара келісілгеннен соң, осы бойынша арық қарай жылжитын боламыз»,- деді ҚР Сыртқы істер министрі.
Өз кезегінде Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлы шілденің 27-інде Қырғызстанда жоспарланып отырған референдум іске асатынына үміт артты. «Референдум өткеннен кейін Қырғызстанға көмек көрсету үшін біз Қазақстанмен бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуді жоспарлап отырмыз», - деді Түркия министрі.
Осы орайда ол экономикалық, дипломатикалық салаларда, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Түркия Қазақстанмен ары қарайғы іс-қимылдардың бірлескен бағдарламасын қарастырғаннан соң, біз бұл ақпаратты басқа да көршілес достас елдермен бөлісетін боламыз», - деп атап өтті А. Дәуітоғлы.
Айта кетейік, Түркия министрі кеше кешкісін Астанаға келген болатын. Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болғаннан кейін ол елордадан аттанып кетеді.