Қырғызстандық дөңгелек сатушылар сергелдеңге түсті

Ал, жаңасын алуға көпшіліктің қалтасы көтермейді. Бұл тығырықтан шығудың амалы қандай? Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғаннан кейін елдегі қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы агенттігі қолданылған шиналарды әкелуге және сатуға қатысты лицензия беруді тоқтатты. Өйткені, одақтың талабы бойынша бұл дөңгелектер қауіпті қалдықтың қатарына жатады. Бірақ, бұған қарап жатқан кәсіпкерлер жоқ. Қолданылған дөңгелектер әлі де сатылып жатыр. Ал, саудагерлердің өзі «тыйым шықпай тұрып әкелінген тауар еді» деп ақталып әлек.
«2014 жылы осы кәсіптің арқасында ел қазынасына 700 млн сом қосымша қаржы түскен. Бизнесте 1 128 адам жұмыс жасайды. Сондықтан, мәселе өте күрделі. Бұрын әкелген дөңгелектер босқа жатыр. Әкелуге тыйым салды. Сондықтан, көлеңкелі бизнес пайда бола бастады. Яғни, қаржы ел қазынасына емес, парақор шенеуніктердің қалтасына түсіп жатыр», - дейді Қырғызстан нарықтар қауымдастығының президенті Cергей Пономарёв.
Қазір бұл мәселенің шешіміне мемлекеттік билік білек сыбана кірісті. Барлық тараптың талап-тілектері ескерілуі керек. Сондықтан, қолданылған шиналардың саудасына рұқсат берілуі мүмкін. Бірақ, қатаң техникалық талаптар қойылады.
«Қалтасы көтеретін адамдарға таңдау көп. Жақсысы керек болса, жапониялық өнімдерді алсын. Қымбат, бірақ, кемінде 5 жыл қызмет етеді. Одан арзанырақ десе, корейлік дөңгелектер бар. Ал, енді оны да алуға мүмкіндік болмаса, амал жоқ, осы қолданылғандарын іздейді», - дейді шина жөндеу орталығының қызметкері Бақыт Райымжанов.
Қалай болғанда да үкімет халықтың әлеуметтік жағдайына қарай шешім қабылдайды. Қазір жеңіл автокөліктің 4 дөңгелегі орташа есеппен 200 доллар тұрады. Бұл Қырғызстандағы орташа айлықтың көлемі. Ал, ескісі одан 2 есе арзан.