Қырғызстанға қазіргі таңда Президенттік басқару формасы көбірек сәйкес келеді - Қырғыз елшісі

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ел ішінде қалыптасқан күрделі әлеуметтік-экономикалық көзқарас тұрғысынан алғанда қазіргі таңда Қырғызстанға Президенттік басқару формасы көбірек сәйкес келеді.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада 2010 жылғы маусымның 27-де Қырғыз Республикасы Конституциясын қабылдау мәселелері жөніндегі референдумды өткізуге арналған баспасөз мәслихатында Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жаныш Рүстенбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғам арасында Қырғызстанның жағдайында қандай басқару формасы жарасады деген пікірталас жүруде. Күрделі әлеуметтік-экономикалық көзқарас тұрғысынан алғанда, әрине бізге Президенттік басқару формасы көбірек сәйкес келеді. Алайда, қырғыз қоғамын біріктіру, жағдайды тұрақтандыру контексінде қазіргі таңда парламенттік басқару жүйесіне көшу қажеттігі де дәріптелуде. Біз үшін қазіргі таңда ең маңыздысы - тарихи өткен жолымызға, ділімізге, елдің қазіргі мүдделеріне, экономикалық ерекшеліктеріне, әлеуметтік қатынастарына, саяси күштердің, партиялардың және азаматтық қоғамның даму деңгейіне, геосаяси кеңістіктегі Қырғыз Республикасының рөліне сәйкес келетін басқарудың тиімді формасын таңдау», деді Ж. Рүстембеков.

Оның айтуынша, референдумның басты міндеті - елдің ішіндегі жағдайды түпкілікті тұрақтандыру және экономикалық даму шараларын жылдамдату үшін Қырғызстанды құқықтық алаңға қайтарып алу. «Осы мақсатта және Қырғыз Республикасы Президентінің және Жогорку Кенеш депутаттарының еркін, әділ және ашық сайлауын өткізу қажеттігінен Уақытша Үкімет 2010 жылғы мамырдың 19-да «Өтпелі кезеңдегі Қырғыз Республикасының Президенті туралы» декретті қабылдады. Оған сәйкес, мемлекет басшысының өкілеттігі Уақытша үкіметтің төрайымы Роза Отынбаеваға жүктелді. Өтпелі кезеңдегі президенттің өкілеттілігінің мерзімі 2011 жылдың желтоқсан айының 31-іне дейін белгіленді. Сонымен қатар, Қырғыз Республикасы Үкіметін құрғанға дейін Р. Отынбаеваға Премьер-Министрдің өкілеттілігін жүзеге асыру беріліп отыр», деді Елші.

Маусымның 27-де өтетін жалпыхалықтың референдумға бір мәселе - Қырғыз Республикасы Конституциясының жобасы және Қырғыз Республикасының Конституциясын іске қосу туралы заң шығарылады. Өтпелі кезеңдегі Қырғызстан Президенті 2011 жылғы кезекті сайлауда Қырғызстан президенттігінен үміткер бола алмайды. «Конституцияның жобасын бүкіл халық болып талқыладық. Оны әзірлеушілер жаңа мемлекеттік ережені қалыптастыру үшін барлық азаматтардың ұсыныстарын барынша ескеруге тырысты. Уақытша үкімет Конституциялық кеңесті шақырды, оның құрамына Қырғызстанның мемлекеттік органдарының және жұртшылығының 75 өкілі енді. Қазіргі Қырғызстанның тарихында тұңғыш рет мемлекет үшін негізгі болып табылатын құжатты бұрынғыдан мемлекеттік шенеуніктер емес, тәуелсіз сарапшылар әзірледі», деді Ж. Рүстенбеков

Елшінің айтуынша, Конституцияның жобасы бас-аяғы 1-2 айда әзірленген жоқ. Ол 2008 жылдан бері әзірленіп келеді. Қазіргі таңда оған біршама толықтырулар енгізілген.

Елші референдумға дайындық бекітілген күнтізбелік жоспар бойынша жүріп жатқанын атап өтті. «57 аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссиялары құрылған. Дауыс беруге құқығы бар Қырғызстан азаматтарының 30 пайызы қатысса, онда референдум өтті деп есептеледі. Шектің 50 пайыздан 30 пайызға дейін төмендетілуі туралы шешім маусымдық факторлар мен елдегі күрделі экономикалық жағдайға қатысты қабылданды. Қырғызстаннан тысқары аумақтарда 22 елде сайлау учаскелері құрылатын болады. Қырғызстаннан тысқары жерлерде 17 мыңға жуық сайлаушылар бар, оның 4 мыңдай Қазақстанда», деді Елші.

Қырғыз елшісі алдағы референдум және сайлаулар Қырғызстан азаматтарының конституциялық құқықтары мен еркіндіктерін сақтай отырып барынша ашық және әділ өтетіндігіне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар