17:58, 16 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Қырғызстанға көмектің белсенді фазасы сайлаудан кейін басталады - Н.Назарбаев
СТАМБҰЛ. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қырғызстанға көмектің белсенді фазасы қазанның 10-ында өтетін сайлаудан кейін басталады. Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түркітілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы Саммитінің соңында өткізілген баспасөз мәслихатында айтты

«Біз, осы жерге жиналған мемлекет басшылары, осы туысқан мемлекетке дағдарыстан шығуға көмектесуге деген жігерге толымыз. Қырғызстанға көмектің белсенді фазасы қазанның 10-ында өтетін сайлаудан кейін, Үкімет сайланып, біз кіммен жұмыс жасайтынымызды білгеннен кейін басталады», - деді Н.Назарбаев.
Елбасы атап өткендей, қазіргі күні, Қырғызстанның Үкіметі уақытша болғандықтан, ол жаққа инвесторлар тарту қиын. ҚР Президенті Қырғызстанның барлық саяси күштерін халық пен мемлекет туралы ойланып, әлемге қырғыз халықының өзінің өмірін жақсартуға деген еркін паш ету үшін сайлауды ұйымдасқан түрде өткізуге шақырды. Ол Қырғызстан басшылығының елдің оңтүстігіндегі ахуалды тұрақтандыруға байланысты кешенді шаралар ұйымдастыратындығына сенім білдірді.