Қырғызстанға көрсетілетін көмек нақты және тиімді болуы керек - Қазақстан Президенті

СТАМБҰЛ. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Қырғызстанға көрсетілетін көмек нақты және тиімді болуы керек. Бұл туралы Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының 10-шы Саммитінінің жалпы отырысында сөз алған ҚР Президенті Нұрсұтан Назарбаев мәлім етті.
None
None

«Белгілі болып отырғандай, көршіліс Қырғызстанда орын алған қиын жағдайдың басты себебі - әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі болды. Бауырлас қырғыз халқының басына түскен жағдай барлығымызды алаңдатады. Қазақстан Қырғыз Республикасына жан-жақты қолдау танытып, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде де екі жақты негізде гуманитарлық көмек беруде», - деді Н.Назарбаев.

ҚР Президенті көрсетілетін көмектің қаржылай жағына емес, оның нақтылығы мен тәжірибелік тиімділігіне назар аудару керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Н.Назарбаев нақты және бірлескен шаралар қолдануды ұсынды. Мысалға, бас қосып отырған түркі тілдес мемлекеттер Ош және Жалал Абад облыстарында мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік маңызға ие нысандарды сала алады. Сонымен қатар, қырғыз жастары үшін түркі тілдес мемлекеттердегі ЖОО-да тегін білім алуға бөлінетін квоталар санын өсіруге болады. Атап айтқанда, Президенттің айтуынша, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық университеттің жағдайын кеңінен қолдануға болады.

Н.Назарбаев Қырғызстанға көрсетіліп отырған көмек түгелдей Орталық Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қол ұшын береді деп атап өтті. Президент түркі тілдес елдер Қазақстанның бастамасы бойынша алдағы күндері Алматыда өтетін Халықаралық донор мәслихатына қатысады деген үмітін білдірді.

Соңғы жаңалықтар