Қырғызстанның уақытша үкіметі 32 діни экстремистке неге рақымшылық жариялады - республикалық басылымдарға шолу

***
«Иордания Хашимиттік Корольдігінің Амман қалалық муниципалдық кеңесі Амман қаласының бір көшесіне Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы шешім шығарған болатын. Кеше Амман қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне берілген даңғылдың ресми ашылу салтанаты болды», деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы. Иордан Хашимит Корольдігінің Елбасына неліктен ықыласты болып, осыншама деңгейде
құрмет көрсетіп отырғанын білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» басылымындағы «Қазақстан халқына жасалған құрмет» атты мақаланы қараңыз.
Сондай-ақ осы басылымда экономика ғылымдарының докторы, профессор Сара Алпысбаеваның «Дағдарыстан кейінгі әлем» атты сараптамалық материалы жарық көріпті. Онда автор Бүкіл дүниежүзі елдерінің үкіметтері дағдарыс кезінде экономикалық өсу көрсеткішін тұрақтандыру мақсатымен шығындарын көбейтуге мәжбүр болғандығын жазады. «Кейбір дамыған елдердегі бұрын орын алып көрмеген жағдай, атап айтқанда мемлекеттік қарыздың өсуі жаһандық экономиканың қалпына келу мүмкіндігіне кедергі келтіретін үлкен қатерге айналып отыр. Ол жекелеген елдің қарыз міндеткерлігі бойынша инфляция мен дефолтты жеделдетуі әбден мүмкін», дейді ғалым.
***
«Бекіре балығының өндірісіне мемлекеттік монополия орнайтын болды. Соңғы жылдары уылдырық контрабандасы төмендеудің орнына қайта артуға бет алды. Бұған құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкерлерінің де қатысы бар. Барлық фактілер менің қолымда. Мен оларды прокуратураға тапсырамын және ел Президентіне баяндаймын. Тергеу мұқият жүргізілуі үшін. Барлық контрабандашылар тұтқындалулары тиіс. Құқық қорғау органдарында соларға «крыша» болып отырған тұлғалар жазаланулары тиіс», дей келе Үкімет басшысы өзі осы бағытта қылмыстық іс қозғау туралы өтініш жасайтынын мәлім етті», деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Үкімет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар көтерген мәселелер жөніндегі осы тектес елдегі өзекті деген жайттар жайлы пікірлерді білгіңіз келсе, «Есеп комитетінің дерегі есеп үшін қажет пе?» деген мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылым «Каримов «жауды» сырттан іздеді» атты тақырыпта мақала жариялап, Өзбекстан Президенті Қырғызстанның оңтүстігінде бұрқ ете қалған жанжалға қатысты арада бір жарым апта өткенде ғана ашық мәлімдеме жасағандығын жазады. «Бұған дейін ресми Ташкент әліптің артын бағып, үнсіздік сақтап келген еді. Тіпті кейбір аузы дуалы сарапшылар «Каримов әскерін шекараға топтап, өзбек біткенді қорғап қалам деген ниетпен Ош пен Жалалабадты басып алғалы жатыр. «Қырғыз елі жерінен айырылады. Бішкектің күні бітуге тап қалды», деген секілді болжам да жасап үлгерген. Бірақ Ташкент ондай өрескел қадамға бармады», деп жазады басылым. Оқиғаның әрі қарай қалай өріс алғанын білгіңіз келсе, «Айқынның» бүгінгі санын оқыңыз.
***
«Бәкиев билігін құлатып, ел тізгінен қолына алған Қырғызстан Уақытша үкіметінің ең алғашқы қадамдарының бірі темір торда жатқан 32 діни экстремистке рақымшылық жариялауы болды. Бостандыққа шыққан «Ислам жауынгерлері» азаттықтың құрметіне құрбан шалып, Ноокат қаласында құдайы шәй берді. Бұл жеңіс шарасына жиналған мыңға жуық адамның басым бөлігі «Хизбут-Тахрир» өкілдері болатын. Әлі Парламент жасақтап, Президентін сайлап, Конституциясын құрастырып үлгермеген Уақытша үкіметтің діни радикалдарды азат етуге асығуының сыры неде болуы мүмкін?», дей келе мақала авторы осы сауалға жауап іздейді. Автордың осы мәселеге байланысты толық ойын білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» басылымындағы «Қырғызстанда исламдық ұстанымдағы саяси партиялар пайда болуы мүмкін» атты мақаланы оқыңыз.
Сондай-ақ осы басылым тілшілері экономика ғылымының докторы, Ұлттық ғылым акдемиясының академигі Сағындық Сатыпалдинмен сұхбат ұйымдастырыпты. Онда ғалым «мұнай, газ саласы туралы сөз еткенде мен бірінші кезекте елінде бір тұтам мұнайы жоқ Белоруссияға қызығамын. Беларуссияда мұнай жоқ, керісінше мұнай өңдейтін зауыттары баршылық. Олар біз сияқты шетелге шикі мұнай сататын елдерден шикізат сатып ала алады. Оны өңдеп, өзімізге қайта қымбатқа сатады. Қазір ірі компаниялар көктемгі егіс кезінде немесе күзгі науқан тұсында ананы-мынаны сылтауратып, мұнай өндірмей қояды. Содан барып, жанармай сатушылар жанар-жағармай бағасын шырақтатып қымбаттатады», дейді. Ғалымның елдегі осы тектес түйткілді мәселелерге қатысты пікірлерін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Ауылдың тірлігін несиеге байлау дұрыс емес» атты сұхбатты оқыңыз.
***
«Астана ақшамы» бүгінгі санында сенбі күні Абай және Бейбітшілік көшелерінің қиылысқан тұсында қазақтың бас ақыны Абайға арналған ескерткіш ашылғандығын жазады. Ескерткіштің ашылуына орай басылым еліміздің жоғары лауазым иелері мен ақын, жазушылардың пікірлерін жариялаған. Оларды «Алаш Абайымен ардақты» атты мақаладан оқи аласыздар.
Сондай-ақ осы басылым маусымның 26-ы мен 27-сі және шілденің 3-і мен 6-сы аралығында елорданың үш ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылатындығын хабарлайды.
***
«Кедендік баж салығының әркелкілігі қатардағы азаматтарға тиімді. Біз енді көліктерді 90-шы жылдардағыдай Германиядан немесе өзге де мемлекеттерден тасымалдай аламыз. Бұл біз үшін өте арзан. Әсіресе, ол 3 жылдан 10 жылға дейінгі, яғни екінші рет сатылатын көліктерге қатысты. Ал көп жылдардан бері көлік тасымалдаумен айналысатын ресми диллерлер болса, айтарлықтай шығындарға ұшыраулары мүмкін», деген пікірін білдіріпті сенатор Ғани Қасымов «Литер» басылымына берген сұхбатында. Осы мәселеге байланысты түрлі сала мамандарының пікірін «Литер» басылымының бүгінгі санынан оқыңыз.
***
«Казахстансакая правда» басылымы тілшілерінің пікірлерінше, Кедендік Одақтың оған мүше елдерге тиімділігі күмәнсіз. «Өйткені аталмыш одақ қолданыстағы өндірістерді кеңейтіп, жаңа өндіріс ошақтарының бой көтеруіне ықпал етеді. Ал бұл өндірістер өз кезегінде одаққа мүше елдердің тұрғындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы елдерге инвестиция тартып, әр мемлекеттің өзінің мүмкіндіктеріне қарай бірлескен өндірістер құруға ықпалын тигізеді», деп жазады басылым «Интеграционный фактор успеха» атты мақалада.