Қырғызстанның жаңа Конституциясының жобасында Президенттің өкілеттілігі айтарлықтай қысқартылған - Қырғызстан Елшісі

АСТАНА. Маусымның 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қырғыз Республикасының жаңа Конституциясының жобасына сәйкес, Президенттің өкілеттілігі айтарлықтай қысқартылған. Бұл туралы бүгін Астанада 2010 жылғы маусымның 27-де Қырғыз Республикасы Конституциясын қабылдау мәселелері жөніндегі референдумды өткізуге арналған баспасөз мәслихатында Қырғызстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жаныш Рүстенбеков айтты,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елшінің айтуынша, бұрынғы жүйе бойынша Президент елдегі басты саяси тұлға болды. Президент Премьер-Министрден бастап аудан әкімінің орынбасарына дейін өзі тағайындаған. Ал, жаңа Конституцияның жобасы бойынша Президент қаржылық та, экономикалық та реттеуге қатыспайды, Үкіметтің кадрлық саясатына араласа алмайды. «Дейтұрғанмен, Мемлекет басшысының рөлін бағаламауға болмайды. Бүкіл халық сайлаған Президент дербес және тәуелсіз тұлға болып қалады. Дау-дамайларды шешуде арбитр бола алады, конституциялық құрылыстың кепілі, Жоғарғы Бас Қолбасшы болып табылады. Осының барлығы Президентке партиялардың немесе басқарушы коалицияның саяси өктемдікті қалыптастырудағы әрекеттерінің алдын-алуға мүмкіндік береді», деді Ж. Рүстенбеков. Оның сөзіне қарағанда, бейтарап ұстанымды сақтау және бір ғана партияға тәуелді болмау үшін Президент тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы сайланады. Қырғызстанның жаңа Конституциясының жобасында Президенттен барлық өкілеттіліктер алынып тасталған. «Бұрын Президентті және оның отбасын қорғау мемлекеттің дотациясында болатын. Қазір Президенттен барлығы алынып тасталды, Президент жалақысына өмір сүретін болады. Бұрын мемлекеттің қамсыздандыруында болса, енді Қырғызстанның барлық еңбекшілері сияқты айлығына өмір сүреді», деді ол.

Елшінің айтуынша, жаңа Конституция бойынша Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерін Парламент жасақтайды. Олар Парламентке есеп береді. Парламент тарапынан қысым көрсету мүмкіндігін болдырмау үшін Үкімет Парламенттің алдына өзіне сенім көрсету туралы мәселе қоя алады. Жогарку Кенеш Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Президент Жогарку Кенештің мерзімнен бұрын сайлауын жариялауға немесе Үкіметті отставкаға жіберуге құқығы бар.

Елші Жогарку Кенештің депутаттары партиялық тізім бойынша сайланатынын, сайлаудың тепе-теңдік жүйесі қарастырылғанын атап өтті. «Сайлауда жеңіске жеткен партия тіпті 90 пайыз дауыс жинаған күннің өзінде 120 орындық Жогарку Кенеште асып кеткенде 65 орынды ғана иелене алады. Қалған 55 депутаттық мандаттар басқа партияларға беріледі. Бұл дегеніміз - сайлауда жеңген партия заңды түрде өз Үкіметін қалыптастыра алады дегенді білдіреді, алайда олардың дауыстары конституцияны өзгертуге және билікке зорлық көрсетуге жетпейді», дейді ол.

Ж. Рүстенбековтің айтуынша, тұтастай алғанда Қырғызстанның жаңа Конституцияның жобасы өзінің мазмұны бойынша партиялық Парламентті дамытуды, Үкіметтің Парламентке есептілігін, экономика және саяси мәселелер бойынша президенттік билікті шектеуді көздейді.

Соңғы жаңалықтар