Қыркүйек айында Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылады - Қызылорда

Кеше оның құрылыс барысымен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев танысты. Бұл туралы өңір жетекшісінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Шаһарда Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы 2011 жылы қолға алынған-ды. Жоспар бойынша білім ошағында 720 бала 60 оқу сыныптарында тәлім алмақ. Оқушылардың 600-і сабақтардан кейін түрлі курстарға және үйірмелерге қатысып, күндерін мектеп қабырғасында өткізеді. Аудан мектептеріндегі шәкірттердің ішінде іріктелген қалған 120 бала білім ошағына қарасты жатақханада тұрады.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағыты - табиғи-математикалық. Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, онда білім үш тілде берілмек. Пәндердің бір бөлігі «team-teaching» әдісі бойынша оқытылады. Оған сәйкес сабақты екі мұғалім өткізеді, олардың бірі ағылшынша, екіншісі қазақша немесе орысша. Осылайша мектептің оқушылары нақты пәндерді тереңдетіп оқиды әрі үш тілді меңгереді.