18:26, 23 Қараша 2018 | GMT +5
Қырымбек Көшербаев «Алпамыс батыр» жырын оқу эстафетасын қабыл алды
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптен «Алпамыс батыр» жырын оқу эстафетасын қабыл алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Танымал журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Тұлпар мініп, ту алған» жобасын қолдау мақсатында «Алпамыс батыр жырын» оқу эстафетасын маған жолдаған екен. Бұл жыр бізге бала күнімізден таныс, жыр жаттап өскен ұрпақпыз. Енді осы жырды жалғастырып, шағын үзінді оқып көруге тырысайын»,- деді Қырымбек Көшербаев.
Қызылорда облысының әкімі одан кейін «Алпамыс батыр» жырынан үзінді оқып берді.
«Енді осы эстафетаны жалғастыру үшін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетовке, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке жолдаймын», - деді Қырымбек Көшербаев.