Қырымбек Көшербаев Атырау облысының бір топ азаматына мемлекеттік наградаларды табыстады

Президент тапсырмасымен Атырау облысына келген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысып, барша қазақстандықтың тәу етер тұғыры – Тәуелсіздіктің құндылығы, еліміздің 30 жылда қол жеткізген жетістігі туралы жан-жақты айтып өтті.
«Біз – еркіндікке қолы жеткен, арман-мұраты тең өрілген дана халықпыз. Біз – тайқазаны ортаймаған қазақ деген байтақ елміз. Міне, сол бақыт түндігін ашқан Тәуелсіздік бүгінде құт-берекеге айналды. Біз бүгін осы құбылысты ерекше сезініп тұрмыз. Қазақстан – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт ел. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің, ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал», - деді Мемлекеттік хатшы.
Қырымбек Көшербаев ел Тәуелсіздігін тұғырлы етуге, еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына Атырау облысының ерекше үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекеттік хатшы салтанатты іс-шара соңында Президент Жарлығымен берілген мемлекеттік наградаларды әртүрлі салада ел мерейін асырып жүрген бір топ атыраулыққа тапсырды.