Қысқартпау тұрғысында ЖОО-лардың мүддесін қорғайтын адамдар барлық орталық органдарда бар - Б. Жұмағұлов

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.
«Бұл ешкімге де құпия емес. Сондықтан да мен бүгін бұл бағыттағы жұмыстар оңайға түспейтінін айтамын. Алайда, біз бұл тұрғыда тиісті шараларды атқарудамыз», - деді министр.
Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, әлемдік тәжірибе бойынша 1 млн. халыққа орташа есеппен 6 жоғары оқу орнынан келеді екен.
«Егер де 17 млн. адамды 6-ға көбейтетін болсақ, онда Қазақстанда шамамен 100 ЖОО болуы тиіс»,-деп түсіндірді Б. Жұмағұлов.
Бұл тұрғыда министр Қазақстанда бүгінде 13 жоғары оқу орны әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлайтынын сөз етті.
Б. Жұмағұловтың айтуынша,Қазақстанда жоғары оқу орындарын қысқартуды бүгінгі жағдай талап етуде, яғни кейбір ЖОО-да 200 ғана студент білім алып жатыр екен. Бұл оқу орындары кезінде 30 мамандық бойынша білім беру үшін лицензияға қол жеткізген көрінеді.
«Елбасының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарын оңтайландыру жүргізілуде. Қазіргі уақытта олардың саны 149-дан 136-ға дейін қысқартылды. Тәжірибе көрсеткендей, коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі білім беру сапасы жағынан сын көтермейді. Сондықтан, таяудағы үш жыл ішінде олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту жоспарлануда», - деді министр Үкімет отырысында.