Қысқы маусымда 4,5 мыңнан астам құтқарушы күн сайын жауынгерлік кезекшілікке шығып отырмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қысқы мерзімде 4,5 мыңнан астам құтқарушы күн сайын жауынгерлік кезекшілікте болады. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы генерал-майор Валерий Петров мәлім етті.

Қысқы маусымда 4,5 мыңнан астам құтқарушы күн сайын жауынгерлік кезекшілікке шығып отырмақ

«Қазгидромет» болжамы бойынша желтоқсан айының үшінші онкүндігінде және 2016 жылдың қаңтар айында аяз күшейеді. Еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және батысында минус 27-37 градусқа дейін суытады, ішінара батыста минус -42, солтүстікте, шығыста және орталықта минус 36-46 градусқа дейін жетеді. Ақпан айында қар қалың түседі, аяз аралас қатты жел болмақ. Өткен жылдардағы қыс мезгілінде болған күрделі метеорологиялық жағдайлар шұғыл ден қоюдың барлық қызметтерін мұқият даярлаудың аса маңызды екендігін көрсетті», - деді А. Петров.

Оның сөзіне қарағанда, қыс мезгілінің қауіпсіз өтуі үшін құтқару күштері мен құралдары әуе кемелері мен өтімділігі жоғары арнайы техниканы қоса алғанда жоғары әзірлік режимінде тұр.

«Күн сайын жауынгерлік кезекшілікке 4500-ден астам құтқарушы мен 1000 бірлік техника шығып отырады», - деп атап өтті ол.

Орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірлекен іс-қимылдарының арқасында көлік магистралінда қар басатын 1439 учаске анықталды. Онда 13 мыңға таяу қардан қорғайтын қалқан мен 269 жарықтандырылған тақта орнатылды. Республикалық автожолдарда 949 жылыту пункті іске қосылған.

«Азаматтарды аяз және боран күндері алыс жолға шықпауды ескертеміз, ол Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін», - дейді генерал.