09:09, 20 Наурыз 2017 | GMT +5
Қытай археологтары Миньцзян өзенінінің түбінен Мин әулетінің алтындары мен күмістерін тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай археологтары Янцзы өзенінің тармағы болып есептелетін Сычуань провинциясындағы Миньцзян өзенінің түбінен 300 жылдан астам уақыт бұрынғы 10 мыңнан астам ескі артефактілерді тапты.
Бұл туралы Синьхуа агенттігі дүйсенбі күні хабарлады.
Өзен түбінен алтын, күміс және қола монеталар, зергерлік бұйымдар, сондай-ақ металл қарулар - қылыш, пышақ және найза табылды. Құнды жәдігерлер Ченду қаласының оңтүстігінде, 50 шақырым қашықтықта жатқан.
Табылған артефактар Мин әулеті кезеңіне (1368-1644 жылдар) жатады. Қаңтарда басталған археологиялық жұмыстар сәуірге дейін жалғасады.
«Жәдігерлер ғылым, тарих және мәдениет үшін аса құнды. Олар Мин әулетінің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін зерттеу үшін маңызды болып отыр»,- деп мәлім етті археологтардың бірі, Бейжің университетінің қызметкері Ли Боцянь.