Қытай энергетика басқармасының өкілдері Ақтөбеде болып қайтты

ҚХР Энергетика мемлекеттік басқармасы бастығының орынбасары У Инь мырзаның айтуынша, олар Қазақстанға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов пен Қазақстанның Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың арнайы шақыруымен келіп отыр.
Ақтөбеге олар CNPC - Қытай ұлттық мұнай газ корпорациясының құрамына кіретін «CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмысымен танысуға келген.
Кездесу барысында облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бекігенін атап өтті. «Жоғары деңгейдегі соңғы кездесуде біздің мемлекеттердің басшылары индустриялық және инновациялық технологиялардағы қарым-қатынастарды жаңа жоғары деңгейге дейін көтеру туралы келісті. Өз кезегінде, біз аймақтық деңгейде осы сарабдал саясатты жүзеге асырып отырмыз».
Кездесу барысында, тараптар өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайта түсу және бір-біріне қолдау көрсетіп отыруға байланысты бірқатар ұсыныстар енгізді.