Қытай қазақтары «Қара жорғаны» да, қасиетті домбыраны да ұлттық брендке айналдырудың үлгісін танытып отыр
ұлттық құндылықты дәріптеудегі үлкен жетістік. Өйткені қазіргі таңда «Қара жорғасыз» жиын-тойдың сәні келмейтін деңгейге де жетіп қалғандаймыз.
Расында, бабадан қалған «буын биімен» қауышып жатқан қалың жұртшылық та бұндай мұраны жатырқамастан-ақ бойына лезде сіңіріп әкетіп барады. Биылғы наурызда республиканың түкпір-түкпірлерінде орындалған осы би тойдың сәнін барынша аша түскеніне тағы бір мәрте куә болдық. Еліміздің бірқатар өңірлеріндегі бастамашыл топтар «Қара жорға» биінің денсаулыққа пайдалылығын ескере келе, бұны емдік гимнастика ретінде қолдануды ұсынса, балабақшадан, мектептен бастап бүлдіршіндерге осы буын биін үйретуді қолға алу керектігін насихаттап жүргендер де баршылық. Жалпы, «Қара жорғаның» жұрт арасында шапшаң тарап, әсіресе жастардың тарапынан үлкен қолдау мен қызығушылық танылуы жайдан-жай бола қоятын дүние емес. Бұны ұзақ уақыт бойы өз құндылығын жоғалтып, онымен қайта табысқан ұлттың ұлы өзегіндегі үлкен үйлесімділік деп бағалауға да болады. Осы үшін, мұндай асыл қазынаны ортаға қайтарғаны үшін шет жұртта жүрген қалың қазаққа айтар алғыс үлкен.
Қытайдағы қандастар бұндай мерейді үстем қылатын мәні зор ерлікті жақында тағы бір мәрте қайталапты. Қытайдың «Тәңіртау» сайтының таратқан ақпаратына қарағанда, мамырдың 30-ы, жексенбі күні Шынжаңның Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданында 28 ұлттан (!) құралған 10 мың 495 (!) домбырашы бір мезетте «Кеңес» күйін шертіп, Гиннестің рекордтар кітабынан тағы да орын алды. «Бұл шығарма XIX ғасырда өмір сүрген қазақтың белгілі күйшісі Бейсенбі Дөненбайұлының туындысы. Толы ауданының әкімшілігі ұйымдастырған аталмыш шараға арнайы шақырылған Дүниежүзілік Гиннесс рекордтар кітабының Шанхайдағы басқармасының уәкілі Ние Жиың Шуан, «он мың адамдық домбырамен күй шертуден Гиннестің рекордтар кітабына кіргізілгендігі туралы» куәлікті аудан әкімі Масан Зағыпарұлының қолына табыс етті», делінген бізге жеткен ақпаратта.
Шындығында, аспан асты еліндегі 28 ұлт өкіліне «Кеңес» күйін үйретіп, оны бір мезетте он мыңнан астам адаммен шертуді рекордты былай қойып үлкен ерлікке балауға әбден лайық. Өйткені, бұндай бастама қазақ жерінде бірнеше мәрте қолға алынғанымен, әлі күнге дәл осыншалықты деңгейде жүзеге аспаған болатын.
Рас, қазақ даласында мыңдаған күйшінің басын қосып, солар арқылы бір мезетте домбыраның үнін әуелетуді армандамаған күйші, композиторлар кем де кем. Бұндай дүбірге толы күй кешін осыдан 50 жылдай бұрын әйгілі күйші Нұрғиса Тілендиев Атырау қаласында жүзеге асырған екен. Онда, Атыраудың орталық стадионында 500 домбырашы бір мезетте қазақ күйін құйқылжыта шарықтатқан. Нұрғисаның шәкірті Қаршыға Ахмедияров та Алматының орталық стадионына 2 мың домбырашыны жинауды, солардың басын қосу арқылы Құрменғазының «Сарыарқасы» мен Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» ойнатуды армандайды. Ал осыдан біраз бұрын Алматы жұртшылығының «Адайды» бір мезетте 640 домбырашының орындауында тамашалағанын да естігенбіз.
Жалпы, қазақ халқының ұлттық мақтанышы, талай ғасырлар бойы елдің мұңын жеткізіп, ғұмырлық серігі болып келген киелі аспапты әлем алдында мойындату туралы әңгіме ел ішінде де біршама айтылып жүр. Мәдениеттанушы мамандардан бастап саясаткерлерге дейін бұл мәселені тереңнен қозғаған кездері де болды, өнерге жанашыр бірсыпыра қауым өз хәлінше, өз беттерімен домбыраны батыс пен шығысқа кең таныту бағытында еңбек етіп те жатыр. Дәріптеуі дұрыс болса домбыра үні жаһанды жарып шығар жаңғырыққа айналарына зор сеніммен қараушылар да баршылық. Расында, әлемде рухани дағдарыс кеңінен өршіп бара жатқан кезеңде киелі домбыраның үнін жаһандық деңгейде ұлықтаудан ұтарымыз көп болатыны сөзсіз. Оның үстіне, адамзаттың санасын улап, жанын аздыратын, жүйкесін жастайынан жұқартатын мағынасыз дыбыстарға домбыраны қарсы қоюға болатынына зиялы қазақ кәміл сенеді. Бұл ықылым заманнан солай болып келеді. Өзі келістіріп, шерте алмаса да керегесіне домбыраны іліп, қадірлеп ұстауы соның бір белгісі іспеттес. «Қара домбыраның қасиетiн түсiнбеген адам қазақтың жанын ұғып жарытпас» деген екен Бауыржан Момышұлы. Сондықтан да әлемге қазақты таныту үшін алдымен домбыраны танытсақ ұтарымыз да молая түсетін секілді көрінеді.
Баспасөзге жарияланған бір сұхбатында мәдениеттанушы Ерлан Саиров мырза домбыраға қатысты мәселе көтеріп: «күллі көне түркілерге ортақ саналатын ұлттық аспаптарды Сібір халықтары меншіктеп, Юнескоға «біздің мұрамыз» деп кіргізіп жіберген. Қоғамдағы осындай үрдісті бақылай отырып, біз де киелі домбыраны, домбырамен байланысты терме, айтыс тәрізді өнерімізді ЮНЕСКО көлемінде мойындатып, оны халықаралық дәрежедегі «мәдени мұрамыз әрі ұлттық аспабымыз» ретінде тіркетуге талпынып жатырмыз», деген екен.
Бұл өте құптарлық жайт. Алайда, әлемге мойындатудың, асыл мұрамызды ЮНЕСКО-ға тіркетудің бұдан ба құптарлық талпынысын Қытайдағы ағайын танытып отыр. Ендеше Қазақстандағы мәдениеттанушы, ұлттық мұраны қорғаушыларға, саф өнерді қолдаушыларға бұндай ерлікті Қазақ жерінде тағы бір мәрте қайталау үлесі қалып тұрған тәрізді.