Қытай қазақтарының тұрмыс-тіршілігі қандай
Қытай қазақтарының негізгі мекені - Шынжаңның солтүстік аумағы болып, табиғаты ерекше көркем өңір саналады. Суы бал, топырағы май, "тасы алтын, тауы күміс, ағашы жез" шұрайлы қоныс. Айналасы көк тіреген зеңгір таулар Алтайдың, Тянь-Шаньның, Тарбағатайдың қарлы шыңдары қоршаған Жоңғар ойпаты мен Іле ойпаты солтүстік Шынжаңның "астық қамбасы", "жеміс-жидек бағы", "кен қоймасы", "мал ырысы", "мұнай теңізі" деген атпен әлемге әйгілі.
Жоңғар ойпатының жиегінде он екі саладан тоғысқан әйгілі Ертіс өзені, Манас және Еміл өзені ағады. Іле ойпатында Текес,Қас, Күнес өзендерінен құралған Іле дариясы бар. Тянь-Шань, Алтай тауларының асқарындағы қалың қар мен мәңгілік мұздар сай-салаға сарқыраған бұлақтар сыйлап, баурайы жасыл желек жамылған жаннат бағындай елестейді. Ойпаттың ернеуіне жайнаған тәкаппар таулардың ауасы жұпар, шөбі шүйгін, суы тұнық болып малдың өсіп-өнуіне аса тиімді қолайлықтар жаратқан.
"Қоғалы көлдер, қом сулар", "балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған" жабағылы ту мекендегі қоңыр адырлар, жерінде жұт жүрмейтін түңкелі аймақты ұя қылған, жаз жайлау, қыс қыстау-бәрі де мал мен егінге арналған асыл өлке саналады.
Жалпы Шынжаң жерінің жер аумағы бір миллион 600 мың шаршы километр болып, бүкіл Қытай жерінің алтыдан бір бөлігін ұстайды. Онда 47 ұлтты құрамына алған 20 милионнан астам халық тұрады.
Ал, осының ішінде қазақтарды өзек еткен Іле қазақ автономиялы облысының жер аумағы 884 мың 800 шаршы километр шамасында болып, халық саны 4 миллион 83 мың 300 адам.
Мал шаруашылығы
Ата-бабаларымыз болған сақтар, ғұндар, ұлы жүздер, үйсіндер, қаңлылар, аландар секілді көптеген көшпенді тайпалар мал бағуды негізгі тіршілік тірегі еткені белгілі. Сөйтіп қазақ халқының ата кәсібі - малшаруашылығы болып, неше мың жылдардан бері жылқы, сиыр, түйе, қой-ешкіден құралған төрт түлік малды бағып-қағып, "мінсек ат, жексек көлік, кисек киім, ішсек ас етіп" келдік.
Біздің заманымыздан бұрынғы VІІ ғасырдан ІІ ғасырға дейін дәурендеген сақтардың жылқы, сиыр, қой түліктерін өсіргені, қымыз ішетіні туралы деректер, ал біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-ІІ ғасырлардан біздің заманымыздан бергі V ғасырға дейін дәурендеген үйсін еліндегі байлардың алдының 4-5 мың жылқысы бар екені, Хан патшалығының ханшасы үйсін елінің билеушісі Елжау Күнбиге ұзатылғанда, үйсіндердің қалыңмал үшін мың жылқы бергені, үйсін тұлпарларының атақты екені туралы "Ханнама" мен "Тарихнамадағы" деректер қазақ халқының ата-бабаларының ата заманнан малшаруашылығымен шұғылданғанын көрсетеді. Жылқы өсіру ерекше дамығандықтан, тарихи деректерде жазылуынша, бұл елдердің атты жасақтары көп және аса айбынды болған.
Қытайдың ұлы жүз тайпасы жөніндегі жазба деректерінде олардың тұрмыс салттарының ғұндармен ұқсас болғанын айтады, әрі олардың көптеп мал өсіргендігін, "тұлпарлар елі" аталғанын айтады. Қытайдың ең ескі тарихи әңгімелер жинағының бірі "Тау, өзен шежіресінде" (Шаң-Хай-Жин) "ұлы жүздер тайпасының елінде неше жүз мыңдаған мініс көлігі ретінде қолданылатын жақсы аттары бар" деп жазылған. Қытайдың VІІ ғасырда жасаған атақты тарихшы Шүй Сүн жазған "Хан хандығы тарихының батыс өңірлер жайлы бөліміне ескертпелер" атты кітапта да, ескі ұлы жүз тайпасының жақсы аттары мен асыл тұқымды түліктері, тегене құйрық қойлары, әлемге әйгілі асыл сиырлары сөз болады. "Ханнамада" ұлы жүздерде жалғыз өркешті түйелердің болғаны айтылады.
Ежелгі тайпалар өздері өсірген жылқы тұқымдарын "Сақ жылқысы", "Ғұн жылқысы", "Үйсін жылқысы", "Қаңлы жылқысы", "Алан жылқысы", "Перғана жылқысы" - деп атаған. Айталық, "Мөде (Бақтұқ)" Тәңірқұты тұсында ғұндар жылқыны үйірлі көбейтуге ден қойып, жылқы басын миллионнан асырған, көк, қара, қан жирен, торы жылқы өсіріп, түсіне қарай табындастырған, "ер құнын, жесір құнын жылқы санымен өлшеуді заңдастырған. Ғұн елі 400 мың сарбаз ұстаған, әр жүз мыңына бірыңғай түсті ат мінгізген" (37).
Жоғарыда аты аталған тайпалардың қазіргі Қытайдың батыс өңірі - Дұнхуаң, Чилан тау аралығы, Алтай-Тарбағатай, Іле өңірі мен Қазақстанды өз ішіне алған Орта Азияның ұлан байтақ даласын өзіне қоныс, малына өріс етіп келгендігі мәлім. Бұл туралы Қытайдың қазақтанушы ғалымы Су Бихай: "қазақ халқы Алтай тауынан Каспий теңізіне дейінгі ұлан байтақ қазақ сахарасында ежелден бері, негізінен, малшаруашылығымен шұғылданып келді" дейді.
"Қытай археологтары 1960 жылдардан бері Алтай мен Іле өңірінен талай-талай асыл қазбалар тапқан. Соның ішінде ерте заманғы қазақ жылқы шаруашылығы тарихына байланысты Ертістің оң қанат өңіріндегі мұралардан қазып алынған сақ сарбаздарының табыты, мінген тұлпары, жүгені; Күнестен табылған шошақ бөрікті сақ сарбаздарының мүсіні, ежелгі жартас суреттері, Санжының Алтынкөл қыстағы Кендіржұрт маңындағы моладан сақ сарбаздарының тұлпарының мүрдесі мен ер-тұрман, жүген, тағы басқада асыл мұраларды тапқан. Ғалымдар бұл мұраларды мұнан 2 мың жыл ілгері жасаған сақ жұртының мұрасы деп дәлелдеген"(38).
Шынжаңның Шағантоғай ауданының Қызылбастау деген жеріндегі жартас суретінен, Қаба ауданынан табылған жартас суреттерінен, Көктоғай ауданының таңбалы тасынан табылған суреттерден, Мишуан ауданы Теректі ауылы Діңгек қыстағындағы жартас суретінен мал бағып жүрген адам бейнесі және әр түлік мал суреттері табылған. Мұны зерттеген ғалымдар біздің малшаруашылық тарихымызды өте арыдан іздейді. Демек ата-бабаларымыздан қалған сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Қытайдағы қазақтар өзінің байырғы мекені Іле, Тарбағатай, Алтайға қайтадан бауыр басқанда да сол төрт түлік малымен бірге көшіп келген. Әрі малды өмірінің өзегіне айналдырып отырды.
Шынжаңдағы қазақтардың мал бағу дәуірі төрт кезеңді бастан кешірді. Бірінші кезең 1949 жылға дейінгі кезең бұл жылдар шетелге көшіп кеткендер немесе көшіп келгендер санының көп болуы немесе әртүрлі аласапыран жағдай мал басын тұрақты ұстауға мүмкіндік бермеген өтпелі дәуір болды. Екінші 1949 жылдан 1966 жылға дейінгі кезең болып, қолда бар мал саны 10 миллион 380 бастан 26 миллион 970 мың басқа көбейді. Үшіншісі 1966 жылдан 1977жылға дейін "мәдениет төңкерісін" қамтыған кезең болып мал басы 24-25 миллион айналасында болды. Төртінші кезең, 1977 жылдан қазірге дейінгі аралық (2005 жылы) болып, мал басы 53 миллионға жетті. Мал қажеті үшін пайдаланылатын 700 миллион мулық жаратылыстық жайлымы бар.
1952 жылы Шынжаң өлкелік өкімет төрағасы Бұрһан "мал шаруашылық район қызметі туралы" баяндамасында коммунистердің мал шаруашылығына деген ашық көзқарасын жеткізген еді. Онда жартылай капиталистік идеяны дәріптеген болатын. 1954-1956 жылдарда Шынжаң бюросының бірінші секратары Уаңынмау "малшаруашылық өңірлеріне социалистік өзгеріс жасау, ұжымдастыру" ұранын көтерді.
"Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын" дейтін баяғы кеңестік империяның кебінін киген Қытайдағы қазақтар 1958 жылы жаңа құрылған коммунаның ортақ қазанына телміріп, малды коллективтің (ұжымның) біртұтас иелігіне өткізді.
1978 жылғы Қытайдың 11-кезекті жалпы мәжілісі күллі қытай ұлты қатарындағы қазақтардың да есін жидырып, еңсесін көтертті.1984 жылдан бастап, "малды бағаға сындырып, жекелерге көтереге беру, біржолата сатып беру, жайылым жерлерді жеке шаруаларға бөліп беру" дейтін саясат қазақ қауымына да көптеген тиімділіктер әкелді.
Малшаруашылығы құрылымына жүргізілген батыл өзгерістер қапаста отырған қалың халыққа жан бағудың жаңа жолын көрсетті. "Ортақ өгізден оңаша бұзау артық" деп білетін қазақтар төрт түлігі алдына түскенде төбесі көкке жеткендей қуанды.
Қазақ шаруалары малшаруашылығымен қанаттас сан-салалы шаруашылықты жолға қойып, отбасында ең алдымен қой, сиыр, жылқы, түйе түліктерін өсіруден сырт, қоныстанған жерінің ыңғайына қарай біреулер бұғы өсірсе, біреулер жемшөп мәнерлеп базарға шығарды. Біреулер балықшылықпен айналысса, біреулер тауық, қаз, үйрек бақты. Енді біреулер атасында көрмегенді ботасында көріп, әртүрлі жеміс-жидек, мақта егу, көкөніс өсірумен айналысты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік астық жоспарлау мекемесі кірісі төмен, астығы аз елдерге тегін көмек беріп отыратын халықаралық орган. 1985 жылы Алтай аймағы сол органның Пекиндегі басқармасы арқылы Алтайдағы малшы қауымға көмек беруін өтінген болатын. Дүниежүзілік астық жобалау мекемесі (WFP) қайта-қайта адам жіберіп тексеру арқылы 1987 жылы маусымда Алтай аймағына көмек беруді бекітті. Осы көмек өзінің естелікке алынған ретіне қарай "2817 құрылыс" деп аталды.
1987 жылы қыркүйекте WFP - Қытай үкіметі "2817 құрылыс" жұмысын атқару келісім шартына Пекинде қол қойды.
Алғашқы жоспар бойынша игерілетін 600 мың му тың жердің 460 мың муына шөп (жоңышқа) егілетін, 68 мың муына ағаш егілетін болды. Қалған бөлігін малшылардың тұрғын үй, мал қоралары және атыз-арық, су құрылысы иелейді деп есептелінді. Осы айбынды құрылыстың көп бөлімі 1990 жылға дейін орындалып, осы мезгіл ішінде 350 мың му тың жер игеріліп, оның 200 мың мудан астамына жоңышқа егілді. Кейбір малшылар оны жылына екі рет шауып игіліктенді. 23 мың му жерге ағаш егілді. Екі мыңнан астам қазақ малшы отбасы келіп, үй-жай салып отырықтанды.
2000 жылдарға келгенде Шынжаң бойынша 115 мың малшы отырықты орында отырып мал бағуды жүзеге асырды. Малды отырықты орында отырып бағудың қажетіне қарай жайылым сапасын өсіру, қоршамалы жайылым жасау істері де көрнекті өнімділікке қол жеткізді.
Мал бағуға ғылым көзімен қарау етек алғандықтан әртүрлі техникаларды жалпыластыру ісі кеңінен жүргізілді. Мал тұқымын сапаландыру, асыл тұқымдарды сұрыптау, етті сиыр, етті қой бағу, сүт-жұмыртқа өнімдерін шығару, көп төлділік, жемшөп мәнерлеу секілді шығынды азайтып, пайданы көбейтуге арналған түйіндер малшаруашылығының дамуына көптеп үлес қосты.
Мал тұқымын асылдандыруға мән бергендіктен соңғы бірнеше жыл ішінде Шынжаңға Австралия, Канада, АҚШ секілді елдерден 11 мың 760 бас асыл тұқымды сауын сиыр кіргізген. Шынжаңдағы күнделікті өндірілетін сүт өнімдерінің өзі 3 мың тоннадан асқан.
Қытай қазақтары малданып келген түліктен тарихтан бері атақтылары Іле жылқысы мен Алтай тегене құйрық қойы болды. Іле жылқысы - бұдан екі мың жылдың ар жағында "Ханнама" мен "Тарихнамаға" аты түскен үйсін жылқысының тұқымы болса керек. Қазірдің өзінде әскери сайгүлікте Іле аты мен Баркөл аты өте атақты болып отыр. Олар қазақ қойын өсіруден сырт, биязы жүнді, нәсілді меринос қойын да молынан өсіретін болды. Мемлекет таныған асыл тұқымдардан Шынжаң биязы жүнді қойы, Жұңго меринос қойының Шынжаң сорты, Іле жылқысы, Шынжаң қоңыр сиыры секілді таңдаулы тұқымдар бар.
"Ақты сатпа" дейтін ескі әдетті қайырып тастаған қазақ қыз-жігіттері тері-терсек, жүн-жұрқа, құрт-май, еттен тартып базарға шығарып сататын жаңа ауқым қалыптастырды.
Соның нәтижесінде төрт түлік мал баққан қазақ малшыларының күн көрісі жақсара түсті. Бір кездері "байларды құртамыз, кедейлерді жарылқаймыз" деп айғай-сүренге басқан қоғам енді "бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы" дегенді қайтадан айта бастады.
Мал бағуды өзек еткен Алтай аймағының 1949 жылғы мал басы 348 мың болса, 2005 жылдарға келгенде 5 миллион 283 мың басқа жетті.
Егіншілігі
Қазақ халқы малшаруашылығымен бірге егіншілікпен де шұғылданған, қазақтар басты өнімдерден: бидай, арпа, тары, жүгері, күріш, қонақ, картоп секілділерді өсіріп отырған.
"Сақтар мал өсіруден сырт егіншілікпен де айналысқан. Кеңес Одағы археологтары 1954 жылы Іле аңғары өңірінде жүргізген археологиялық тексеру-қазу жұмыстары барысында үйсіндердің молаларынан дәнді дақыл мен егіс құрал-жабдықтарын (шаңтас, диірмен тасы, мыс орақ, т.б.) тапқан. Грек тарихшыларының жазып қалдыруынша, үйсіндерден ілгері тарих бетіне "сақ", "скиф" деген атпен аталған қазақтың ата-бабалары малшаруашылығымен ғана емес, егіншілікпен де шұғылданған. Олар тары, арпа, бидай еге біліпті.
Үйсіндер Хан патшалығымен саяси сипатты құдалық байланыс орнатып, ғұндарға қарсы жеңісті жорықтар жасағаннан кейін, үйсін астанасы Шығу қаласына келіп тұрған Хан патшалығы әскерлерінің тың игеріп, егіншілікпен шұғылданып астықпен өздерін қамдауы үйсін елінде егіншіліктің көлемі кеңеюіне, дамуына ықпал көрсеткен деп айтуға болады.
Қытайдың тарихи кітаптарында жазылуынша, қазақтың тегіне тығыз қатысты ғұндармен, үйсіндермен қатар жасаған ұлы жүздер өзен алқаптарында егіншілікпен айналысқан. Ал оларды қоныстарынан ығыстырып жіберген үйсіндер Іле - Жетісу өңіріне келіп қоныстанған соң, жартылай егіншілікпен шұғылданған.
1962-1963 жылдары Мұңғұлкүре ауданының Шаты деген жеріндегі археологиялық тексеру тұсында үйсін елінің молаларынан қоладан жасалған орақтың, темір соқаның (салмағы 3 килограмм) табылуы үйсіндердің отырықтанып, егіншілік мәденитін едәуір дамытқанын көрсетеді. Қазақстандағы Ақтас қыстау қонысынан 11 қол диірмен тұтас күйінде табылған. Олардың бәрі кезінде ұзақ пайдаланғандықтан әбден тозып кетіпті. Ал үйсіндердің молаларында қол диірмен жиі кездеседі. Үйсіндер суармалы егіншілікпен де айналыса білген. Археологтардың Ақтас қыстау қонысынан егін суаратын арықтар сорабының табылуы да мұны дәлелдейді"(39).
Қытай деректерінде айтылуынша, 1772 жылы Ши-анның тексеруші әкімі Уын Шу Батысқа сапарлай кетіп бара жатқан жолында қазіргі Баркөл сахарасын басып өтеді. Қайта оралған тұста жолшыбай көрген-білгендерін Чиан Лұң патшаға былай деп аңыз етеді: "Кең байтақ Баркөл даласында бітік өскен алтындайын сары бидай жайқала толқиды. Көркем өңірдің осы бір көз тартарлық көрінісінен тоқшылық нышаны байқалады. Қала қорғанының іші-сырты иін тірескен үй, дүкен. Көтермеші, саудагер, жайын бұқара дегенің қайшалысып жол бермейді".
Қазақтар тарихындағы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" секілді қандыбалақ жылдар бір мезет егіншілікпен арнайы айналысуға мүмкіндік бермесе де, жоңғарлар тынышталып өз мекендеріне қайта оралған соң қосымша күн көріс ретінде егіншілікпен де айналысқан. Егіншілікпен айналысқандарды ол кездерде "жатақ" деп атаған.
Тарихи деректерге негізделгенде сол "жатақтар" жалаң егін ғана егіп қалмастан әртүрлі жеміс ағаштарын өсіру, балықшылық және басқа да жұмыстармен айналыса білген.
Құнанбай қажы Өр Алтайға барғанда алдына шыққан әйгілі бай Шәкудің жас кезінде темекі егіп, қосымша аңшылықпен шұғылданғаны аңыз етіледі.
Қытайдағы қазақтардың егіншілік өндіріспен айналысуына келсек, кейінгі жылдары олардың ата-бабасынан жер емшегін еміп өскен қытай ұлтынан көп нәрселер үйренгені жасырын емес.
Алтай жерінде тоғаншы Кеншін Қияқбайұлының (1788-1881) тартқан арық, тоғандарының ескі сораптары әлі бар. Кейбіреуі қазірге дейін пайдаланылып келеді.
1867 жылы "Қызылаяқтар шапқыншылығы" тұсында Алтай жеріне барып қолға түскен қытайларды Мәми бейсінің әкесі Жұртбай би қазіргі Алтай қаласының Тұлты (Қызылтас) деген жерінде егін еккізеді. Әрі қазақтарды олардан үйреніп, егін егуге шақырады.
Іленің Текес ауданының Қарадала деген жерінде 1916 жылы Оралбай Молдажанұлы тоған алып, елді егіншілікке бастаған.
1950 жылы Қытай қызыл армиясы Шынжаң жеріне кіргеннен кейін бағынышты болған Гоминдаң армиясын құрамына алған арнайы он төрт егіншілік дивизиясы (185 полк) жер-жерде тың ашып, егіншілікпен айналысты. Осы қатарда қазақ қауымы да егіншілікті қосымша кәсіп етті. 1950 жылдардың ақыры мен 1960 жылдардың басына келгенде Мау Зыдұңның "Астықты мол жинау, үңгірді терең қазу" дейтін бағытына байланысты астық егу барынша етек алды. Бірақ алынған астықты халыққа жегізбей қолдан жасалған аштық елді барынша тұралатты. Аштықтан өлген қазақтардың өзі бірнеше мыңға жетті. 1962 жылдан бір ғана мысал айтар болсақ, сол жылы Алтайдың Жеменей ауданынан Бурылтоғай ауданының Қарамағай жеріне айдап апарылып, еңбекке жегілген 275 адам және жұмысқа қуылған ауыл тұрғындарының 90 сәбиі аштықтан, азаптан дерліктей қырылған.
1966 жылдан 1976 жылға дейінгі он жылды есептемегенде 1978 жылдан кейін Қытайдағы егінші қауымның тіршілігі қайтадан жандана бастады. 1984 жылға келгенде жерді жекелерге көтереге беру, жоспарлы шаруашылық, өнімді арттыру бағыты жер емшегін емушілерге жаңа серпін бағыштады.
Арнайы егіншілік өңір саналмайтын бір ғана Алтай аймағын айтар болсақ, 1949 жылы бүкіл аймақтағы егілген жер 119 мың му болып, оның жылдық өнімі 6735 тонна ғана болған. Ал 1990 жылдарға келгенде егістік жер көлемі 1 миллион 391 мың муға, бұдан алынатын жылдық өнім 127 мың тоннаға жеткен.
Ал "астық қоймасы" аталған Құлжа ауданының 67 мың гектар егіндігі, 280 мың гектар жайылымы, 20 мың гектар жазғы тоғайы бар. Іле өзенінің екі жағалауы 50 неше мың шаршы километрлік құнарлы алқапта күріш пен бидай жайқала өседі. ШҰАР бойынша ірі астық өңірі болып, өнімдері Қытайдың ішкі қалаларынан қалса шет елдерге дейін шығарылады.
Қытай елінің жерге бағышталған саясатының мемлекет және жекеге тиімді екі саласы бар. Реформаның алғашқы жылдары (1984-1985 жылдары) жерді жекеге біржолата бермей, алған өнімнің мәлім пайызын үкіметке тапсыру түзімін атқарған еді, жекелер жер өнімінің қыр-сырын білгеннен кейін ғана жерді қысқа мерзімдік жалға беруді жолға қойды. Бірақ, қандай жағдайда да жер жекенің иелігіне түбегейлі өтпейді. Мейлі егістіктік, мейлі құрылыстық жерлердің бір ғана иесі - мемлекет саналады.
Жерге өнім еккен жағдайда үкімет көктемгі егістіктен бұрын күзгі өнімді қалай жинап алу, оны қалай базарлаудың жоспарын күн ілгері ұсынып отырады. Әрі егіншілерге көктемде өсімсіз қарыз таратып, күзгі өнім жинаған кезде қайтару қолайлығын жаратып береді. Жоғарыдағы қолайлықтар егіншілердің белсенділігін арттырып, оларды сүйемелдеуге жағдай жаратқан. Сол пайдаланылған жерге жыл сайын салық тапсырады. Бұл мемлекеттің пайдасына шешілген.
Саудасы
"Қазақтың тегіне тығыз қатысты ертедегі үйсін елі біздің заманымыздан бұрын-ақ көршілес елдермен сауда қарым-қатынасын жасаған. Шалғын шөп, тұнық су қуалап мал бағатын, көшпелі ел жөнінен алғанда, киім-кешек, ыдыс-аяқ жақтағы қажеті үшін отырықты егіншілікпен, қолөнер кәсібімен айналысатын халықтар (ертедегі тайпалар, ұлыстар) ара айырбас жасасып отыру табиғи қажеттілік еді.
"Ханнама" мен "Тарихнамадағы" деректерге қарағанда, Хан патшалығы мен үйсін арасында барыс-келістің күшеюіне ілесіп экономика және мәдениет жақтағы қатынастар да күшейіп отырған. Еліміз бен ертедегі батыс елдері арасындағы сауда керуен жолы - "Жібек жолы" осы үйсіндер мекенінен өтетін. "Жібек жолы" саудасы Хан патшалығы дәуірінен көп бұрын басталған да, одан кейін бұрынғыдан да дами түскен. Жаң Чияннан бастап батыс өңірге, сондай-ақ үйсіндерге келген елшілер керекті азық-түлікті, ат-көлікті өздері алып жүрген бұйымдарына ауыстырып отырған. Хан патшалығымен, өзге елдермен айырбаста үйсін жылқысы ерекше орын ұстаған. Үйсіндердің байларында төрт-бес мың жылқы болатын. Олар өзіне қажетті азық түлікті, киім-кешек, ыдыс-аяқты және сол сияқты басқа да бұйымдарды, әрине, жылқыға айырбастап алатын. Бұл тұста үйсіндер мекенінен өтетін "Жібек жолының" рөлі өте үлкен болған.
Ертедегі үйсіндер мекеніндегі түркі тайпалар Түрік хандығы дәуірінде батыс түріктер құрамында болған еді. Батыс түріктердің қағаны Естеми Қытайдың ішкі өлкелеріндегі жібектің сыртқа шығарылуына жол ашқан. Ол жол ортада ирандықтар жасаған кедергіні бұзып тастау үшін 567 жылы Римге елші жіберіп, байланыс орнатты. Рим билеушісі де Түрік хандығына елші жібереді. Олар Естеми қағанмен кездесті. Осылайша "Жібек жолы" саудасы тоқтаусыз жүріп жатты.
Түркештердің, қарлықтардың ішкі Қытайдағы және Орта Азиядағы егін салатын елдермен жылқы, басқа да мал саудасы тоқтап көрмеген. Түркеш хандығының астанасы Суяб кезінде үлкен сауда орталығы болған. . .
ХVІІІ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақтың орта жүз бен ұлы жүзге қарасты көптеген ру-тайпалары өзінің ежелгі атамекеніне қайта оралуына байланысты сауда қарым-қатынасы онан ары дамыды.
1851 жылғы "Іле - Тарбағатай сауда ережесі", 1862 жылғы "Құрлық жолы арқылы сауда жасау ережесі", 1881 жылғы "Қайта жасалған құрлық жолы арқылы сауда жасау ережесі" деген теңсіз шарттар арқылы жасалған Қытай мен патшалық Ресей арасындағы сауда қарым-қатынасында қазақтар Ресеймен болған саудаға тікелей (немесе жанамалай) араласып отырды"(40).
1758 жылы қыркүйекте Абылай хан Қабанбайға жылқы айдатып Үрімжіге жіберді. Сөйтіп Чиң үкіметі мен қазақтар арасындағы сауда басталды. Чиң үкіметінің қазақтармен болған сауда істерін басқаруға жауапты Нусан Чиң ордасына: "қазақтың Қабанбайы 300-ден артық жылқы айдап, сауда жасау үшін 17 қыркүйек күні Үрімжіге келді"(41) деп хабарлады.
"Іледегі Чиң әскерлерінің тың игеруіне орай егіс көліктеріне деген мұқтаждығы арта түскенде Ілені де қазақтармен тұрақты сауда жасайтын базар етіп белгілейді. Іледегі сауда басталысымен-ақ қазақтан Құдияр (енді бір деректерде Құдаялы Қабанбайұлы делінген. Ж.Ш.) қатарлы 180 адам бір жолда 500 ден астам жылқыға сауда жасады. 1763 жылы Чиң үкіметі Тарбағатайға әскер орналастырып, Жар қалашығын салысымен қазақ малшылары арт-артынан сауда жасады. Іле, Ұржар қатарлы жерлерден сауда базарының ашылуы қазақтардың Чиң хандығымен болған сауда-саттығын жандандыра түсті. Бірақ қазақтардың малға айырбастайтын бұйымдары көбінесе торғын-торқа қатарлы қымбат бағалы бұйымдар болғандықтан қарапайым малшылардың оған қолы жетпеуші еді. Сондықтан қазақ саудагерлері көбінесе Қашқар қатарлы жылқы бағасы қымбаттау, матасы арзандау жерлерге барып сауда жасады"(42).
"1776 жылы қыркүйекте әскери амбылардың мәлімдемесінде: "Іледе айырбасталған қазақтың жылқысы таяу жылдардан бері көбейіп келеді, Агуй жяңжүннің (генаралдың)мақұлдауы бойынша, малшылық алаңнан сұрыптап алынған екі мың атты Үрімжі, Баркөл және Құмыл қатарлы жерлердегі әскери орындардағы кем аттардың орнын толтыру үшін жібердік" делінген(43).
"ХVІІІ ғасырдағы Чиң патшалығы мен қазақтардың саудасында Чиң үкіметі "екі жақ тең пайда табу" сынды сауда принципін қолданғандықтан, әрі сауда барысында байқалған мәселелерді үздіксіз шешіп отырғандықтан, Чиң үкіметі мен қазақтардың саудасы сәтті дамыған. Қазақтар Чиң үкіметімен сауда барыс-келіс қимылдарын өрістету арқылы тоқыма бұйымдары қатарлы тұрмысқа қажетті бұйымдарға қол жеткізіп, экономикалық тұрмыстарын байыта түскен. Ал, Чиң үкіметі қазақтармен сауда жасау арқылы әскерлерге және тың игеруге қажетті ат-көліктерді шешім етіп, Шынжаң өндіргіш күштерінің дамуын және шаруашылықтың қалпына келуін тездетті. Белгілі дәрежеде ішкі өлкелерді де қамтамасыз етіп отырды"(44).
Өткен ғасырдың соңы, осы ғасырдың басында Шынжаңдағы "шетел дүкендерінің импорт бұйымдарында кездеме, темір, күрек шай, қағаз шай, қант, мақта жіп, мұнай, папирос, сіріңке және басқа да күнделікті тұтыну бұйымдары негіз етілді. Экспорт бұйымдарында мал, қой жүні, қой терісі, қой ішігі, мақта, кептірілген зат, аң терісі қатарлылар негіз етілді", "осы ғасырдың басында, патшалық Ресей еліндегі саудагерлер арқылы Үрімжіден Ресейге жыл сайын 500 қанша мың рубль тұратын қой жүні, 5 мың 600 қанша рубль тұратын қой ішегі тасып әкетіліп тұрды"(45).
Қытай жазбаларындағы тарихи деректерге қарағанда, Іле мен Тарбағатайдан Ресей мен Қытай ортасындағы сауда тораптарының ашылуынан және 1884 жылы Шынжаңның өлке болып құрылуынан кейінгі еркін сауда жолдарының кеңеюі нәтижесінде қазақ халқы қоныстанған өңірлерде саудамен шұғылданатын үй саны молая түскен. Чиң патшалығының соңғы дәуіріндегі бір мәліметте, Құлжа, Сүйдін, Жың және Шәуешек қалаларында саудамен айналысатын үйлер 3864-ке жеткен. Қазақтардың еліміздің ішкі өлкелерімен жасайтын саудасы үш жолмен жүріп отырған. Солтүстік жол - Тиянжын, Ханку, Хоххот қалалары арқылы келіп Шонжыдан өтіп Іле, Тарбағатай, Алтаймен тұтасатын. Орта жол - Ханку, Ланжу, Құмыл, Үрімжі арқылы өтетін. Оңтүстік жол - оңтүстік Шынжаңдағы ұйғыр саудагерлермен жасалатын сауда жолы еді.
Қазақтардың патшалық Ресеймен жасайтын саудасының солтүстік жолы - Семей, оңтүстік жолы - Ферғана арқылы болып отырған. Қазан төңкерісінен кейін Қытай қазақтарының Кеңестер Одағының Орта Азия республикаларымен, өте-мөте Қазақстанмен саудасы үзілмей жүріп отырған еді. Бұрһан Шаһидидың жазуынша, Шынжаң мен Ресей арасындағы сауда барысында "әр жылы бұйым көптеп тасылатын көктем мен күз маусымдарында керуен қоңырауы Үрімжі - Тарбағатай - Семей жолын жаңғырықтырып тұрған"(46).
Тарихи жазбалардағы нақтылы сандарға жүгінер болсақ, "Шынжаң сыртқы саудасының тарихи жазба деректерінде 1840-1851 жылға дейін Қорғас, Бақты өткелдері арқылы Ресейге экспорт етілген нормасы 3 миллион 168,1 мың күміс рубль болған. Импорт сауда нормасы 2 миллион 255,8 мың рубль болып, импорт нормасы 1 миллион 556,5 мың. 1886-1991 жылға дейін Ресей Шынжаң экономикасына араласып, шеңгелдеп алғандықтан көптеген өнеркәсіп өнімдері Шынжаңға кіріп, 6 жыл ішінде импорт 5 миллион күміс рубли, экспорт нормасы 600 мың күміс рубль болып, пассив баланс нормасы 88 пайызға жеткен. 1892-1914 жылға дейінгі 22 жыл ішінде Шынжаңның батыс бөлігіндегі Қытай - Ресей сауда-саттығы орнықты болды. Экспорт жалпы нормасы 24 миллион 236,3 мың сәрі күміс, импорт жалпы нормасы 29 миллион 849 сәрі күміс болған. 1923-1927 дейін Шынжаңның батыс бөлігінде Кеңес одағында болған сауда-саттық нормасының экспорт нормасы 24 миллион 820 мың рубль импорт нормасы 19 миллион 397 мың рубльге жеткен. 1928-1945 жылға дейін еліміз ішкі былықпалық пен Жапонға қарсы соғыс өртін басынан кешірсе де, Шынжаң мен Кеңес шекара саудасы қалыпты жүргізіліп тұрған. Шынжаңның Батыс бөлігінің Кеңес одағына экспорт еткен тауарларының жалпы нормасы 390 миллион 100 мың рубль, импорт етілген тауар нормасы 312 миллион 765 мың рубль болған. 1949 жылы сауда-саттық нормасы 72 рубльге жетіп, Мингоның сауда-саттық біршама жоғары жылы болды. 1946-1949 жылға дейін Іле, Тарбағатай, Алтай үш аймағының Кеңес одағынан импорт еткен тауар нормасы 112 миллион 300 мың рубль, экспорт нормасы да 112 миллион 300 мың рубль болған. 1949 жылы жаңа Қытай құрылғаннан кейін Қытай-Кеңес одағы қалыпты экономикалық сауда қарым-қатынасын орнатып, Шынжаң Кеңес одағының сауда-саттығы біршама дамып, 1950-1960 жылға дейінгі он бір жыл ішінде Іле қазақ автономиялық облысындағы үш өткелден (Қорғас, Бақты, Жеменей) Кеңес одағына экспорт еткен тауардың жалпы нормасы 697 миллион 172 рубль болған"(47).
Мейлі қай дәуірде болмасын Шынжаңдағы қазақтар өздерінің күн көрісі мен тұрмыстық қажеті үшін түрліше деңгейде саудамен шұғылданып келген. Әсіресе, 1978 жылға дейінгі 20 жыл уақыт томаға тұйық күйінде өмір сүрген Қытай қоғамы ендігі жерде "есікті ашық ұстау", "әлемді бетке алу бағытын" ұстанып шетелдермен сауда жасауды ерекше дәріптеді, ел ішінде базар шаруашылығы барынша өріс алды.
"1983 жылы Қытай - Кеңес одағы қарым-қатынасының қалпына келуіне байланысты мемлекеттік кеңестің бекітуімен сол жылы 16 қарашада Қорғас өткелі қайта ашылды. Қорғас өткелі қайта ашылғаннан тартып, 1991 жылдың соңына дейін импорт-экспорт етілген шекара заттардың нормасы 753 мың 653 тоннаға жетіп, импорт-экспорт тауарының жалпы құны 699 миллион 490 Шевейцария франкіне жеткен.
1991 жылы 31 шілдеде ШҰАР өкіметінің бекітуімен Құлжа қаласы ТМД көрші елдерімен сауда-саттық және саяхат істерін жүргізіп, сол жылы қабылдаған зат сатып алушы саяхатшылар реті 6593 адамға жетіп, 1 миллион 300 АҚШ долларындық шетел ақшасын кіргізген. Саяхатшылардың сатып алып шекарадан өткізген тауарларының құны 10 миллион юаньға жеткен"(48).
Сауда жасауға онша бойұсынғысы келмейтін қазақтар жаппай базарға бет алды. Ұсақ дүкендер ашу, егін және малшаруашылық өнімдерін базарлаудан бастап Моңғолия және Қазақстан елдерімен сыртқы сауда жасауға дейін араласты. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті де кең қанат жайды.
Қазақстан Республикасына Қытай жағынан тасымалданатын киім-кешек, ішпек-жемек, құрылыс материалдары, электр саймандары секілді әртүрлі заттардың 60 пайызы Қытай қазақтарының дәнекер болуымен кірді.
Бүгінде Алматының "Барахолка" аталатын базарында, Қытай - Қазақстан бірлескен серіктестіктерінде көптеген қытайлық қазақтар жұмыс атқарады және әртүрлі саудамен шұғылданады.
Қолөнер кәсібі
Қытай деректерінде: "Сақтар бір түрлі шошақ бөрік киеді, тымақтары тік әрі қатты, төбесі үшкір болады. Шалбар киеді. Өз елінде жасалған садақ пен қысқа қылыштарын асынып жүреді" деген жолдар кездеседі. Демек олар темір тектес әр алуан металдарды балқыта білген, әрі темірден қанжар, пышақ, жүген және басқа металдардан киім-кешекке тағылатын түйме, әшекей бұйымдарын да өздері жасай білген.
Бұл туралы Су Бихай былай деп баяндайды: "ертедегі қазақ даласына біздің заманымыздан бұрынғы VІІ-VІІІ ғасырларда түрліше тайпа атымен сақтар бытырай қоныстанды. Олар құрал-жабдық, киім-кешектеріне хайуанат бейнесін ойып өрнектеді және кестеледі. Кең даланың жер-жеріне жартастарға сурет сызып қалдырды" - дейді. Ол тағы да мынадай деректер айтады: сақтар соғысқа айбалта, найза, семсер, садақ, жебе істетті, Қытайдың Тянь-Шань Алғұй сайы аузынан сақтардың мынадай бұйымдары: алтын, күміс, қола, темір, фарфор, ағаш, жібек, сырлы бұйымдар, темір жебе ұшы, пышақ шықты...
Үйсін қабірлерінен бидай, қонақ, тары сықылды егіс дақылдары, диірмен тас, қол орақ, темір соқа табылды. Егін, малшаруашылығымен бірге жарыққа шыққан күннен-күнге өркендеген қолөнер кәсібі өндірісі үйсін қоғамында аса маңызды орында тұрды. Зерттеулер олардың металл қорыту, тоқымашылық, саз балшық ыдыстар жасау, сүйек мүйіз мәнерлеумен айналысқандығын дәлелдеді. Ежелден Алтайдың шығысындағы Тола, Орхон өзені бойында көшпенді малшаруашылығымен шұғылданып келген керей тайпаларының Шыңғысхан Дешті құмының терістігін бағындырудан бұрын қолөнер кәсібі едәуір дамыған. Оларда сақтар, үйсіндер сияқты керейлердің батыс жағындағы Ертіс өзені өңірін өріс еткен Қимақ қағандығына қарасты қазақ тайпаларының отбасылық қолөнер кәсібі едәуір өркендеді"(49).
Ата-бабаларымыздың қолөнері дамығанына тағы бір бір дәлел - Іленің Нылқы ауданының аудан қалашығынан оңтүстікке қарай 3 километр шалғайдағы Ұрасай деген жерінен табылған көне мыс кені болып отыр. Ғалымдар оның 2500 жыл бұрын ашылғанын межелеуде. Кен орнынан табылған балқытылған мыстың тазалығы 60 пайызға жеткен. Қас өзені маңынан табылған көптеген көне қолөнер туындылары міне, осы кездің туындысы болып отыр..
"1962-1963 жылдары Мұңғұлкүре, Текес, Тоғызтарау, Күнес өңірлеріндегі археологиялық тексерулерде табылған алтын жүзік және көптеген ежір ыдыстар сол тұстағы үйсін мәдениетін, қолөнерін зерттеуде бағалы материал, өте-мөте алтын жүзік ерекше нәзік жасалған.
1981 жылы Қытай археологтары Мұңғұлкүредегі 3-нөмірлі үйсін моласынан толып жатқан темір-қола құралдар, жібек тоқыма бұйымдар тапты. Темір құралдардан: пышақ, шот, балта, қашау, ара және қырғыш, т.б. қол құралдардан: шелек, шәугім, табақ, тостаған, т.б. табылды. Жаһұт орнатылған алтын жүзік, сырға, тағы басқа алтын бөлшектерінен жасалған әсем бұйымдар, сондай-ақ жібек жіппен өрнектелген түскиіз, жібек тоқыма бұйымдар үйсіндерде сонау ерте заманда қолөнер кәсібінің дамығанын дәлелдеп отыр"(50).
Қазақ қолөнерінің байырғы үлгілері тіршілік қажеті мен күнделікті тұтыну бұйымдарын әшекейлеу қажеттілігінің жемісі болып отырған. Қытайлық қазақ ғалымы Ясын Құмарұлы Қытайдың ескі жазбаларын ақтарып қазақ қолөнерінің төркінін тым арыдан іздейді. Оның жартас суреттері мен көне қазбалардан көрсеткен дәлелдерімен қоса өз ойын былай жеткізеді: "Ішкі моңғолдың орта бөлігіндегі Шұғай тауы, Ниңшадағы Хланшан (бұл бәлкім түркі тілдерінше - Қыран тау шығар) және Алтай, Тянь-Шань тауларындағы жартас суреттерінде бұғы мүйізі және басқа кейбір жануарларды бейнелеуде әсірелеу, ою-өрнекке бейімделу көрінісі байқалады. Қазіргі бізге белгілі қазақ ою-өрнегіне ең жақын жартас суреті Тибеттің ең батысындағы Ртудан табылған жыртқыш аң-құстардан үріккен бұғылардың көрінісі (суреті) жартасқа өте әсемдеп ойылған. Мамандар бұл жартас суреттерін осыдан 2 мың жылдың алдына тура келетінін тұрақтандырады. Сондай-ақ бұл жартас суреттері солтүстіктегі Шұғай, Хланшан, Алтай, Тянь-Шань тауларындағы жартас суреттері стилін қабылдағандығын айтады. Ртуға біртабан жақын Үндістан және Оңтүстік Азияның жартас суреттері мұнан мүлде өзгеше екендігін ұғындырады. Сонымен біз іздейтін қазақ ою-өрнегінің арғы сорабы және де сонау Азияның шығысындағы кең-байтақ өлкеде қалады.
Қазіргі қазақ ою-өрнегінің арғы төркіні деп қарауға болатын айдаһар мен самұрықтың бұлт аралас көрінісі бейнеленген, әсемөнерлік түс алған сурет түсірілген, осыдан 6 мың жыл бұрынғы қыш ыдыс қалдықтары Ішкі Моңғолдың шығыс оңтүстігіне ала орналасқан Оханчиінен табылған. Осыдан қуалай отырып қазақ ою-өрнегінің жүлгесін Шаң дәуіріндегі орта жазық қола құралдарының бетіне салынған, әсем ою-өрнектерге әкелуге болады. Мамандар дүниенің басқа аймақтарынан табылған қола құралдарында мұндай айшық болып көрген емес деседі. Осы өрнектің ең бір тамаша түрі, оның толық қалыптасқан нұсқасы осыдан 3 мың жылдың арғы жағында жасалған Хунанның Ниңшаң ауданынан табылған қола даңғараның бетіне салынған хайуанат бет пішіні қазіргі қазақ ою-өрнегіне ерекше ұқсайды. Осы мезгілде, яғни осыдан 3 мың жыл ілгері Азияның шығысында қазіргі қазақ ою-өрнегі қалыптасып болғандығын ұғындырады. Дәл осы өңірде тұрып, осыдан бұрын Қытайдың батыс оңтүстігіне ауып кеткен, мияузу ұлтында да қазақ ою-өрнегі сияқты өрнек қазір де бар. Ою-өрнектің мұндай қалыптасу, даму барыстары көрген адамды қайран қалдырады.
Қазақ киіз үйі өзінің құрылымдық ерекшелігімен дала мәдениетінің таңдаулы үлгіліерінің бірі саналады. Оның арғы сорабы мен көріністік ерекшелігін Қытайдың орта жазық өңіріндегі және оған қанаттас өңірлерде осыдан 4000 - 7000 жыл бұрынғы жаппай пайдаланылған шығыстық құрылыс үлгілерінен байқауға болады. Оның ең соңғыларының бірі ретінде Хынанның Анияң қаласы маңынан табылған, осыдан 4100-4800 жыл аралығындағы жасалған, Лұңшан мәдениетіне тән 11-нөмірлі ағаштан жасалып, балшықпен сыланған, сырты ақталып киіз үйдің бейнесіне келтірілген көрінісінен байқауға болады(51).
Қытай деректерінен соның ішінде бүгіндері қытайлардың ата қонысы саналып келген ішкі Қытайдың орта жазық өңірінен ата-бабаларымыздың ізін іздестірген Ясын Құмарұлы қазақ ұлтының түп-төркінін зерттейтін әр қандай ғалымның осы өңірлерден аттап кете беретіндігіне қайран қалады. Қазақтар өздерінен шыққан қолөнер шеберлерінің құдіретін "ағаштан түйін түйетін", "темірді қамырша илейтін" деген тектес теңеулермен асыра бағалап отырған.
Алтай күн бетіне ұсталығымен танылып, қара темірді қамырша илеп, алтынмен аптап, күміспен күптейтін, атақты зергер Сейітқамза Бидәулетұлы (1908-1984) қазақ ұсталарының соңғы мұрагерлерінің бірі еді. Ол алтын, күміс, мыс, алюминий, темірлерді балқытып аттың бес тұрманы, әртүрлі аңшылық құралдары, түрлі пышақтар, әйелдердің әшекей бұйымдары секілді көп түрлі қолөнер бұйымдарын жасай білген. Тіпті өндіріс құралдарымен бірге сынақ ретінде қару-жараққа дейін жасаған.
1958 жылы Қытайдағы коммуналасуға байланысты Сейітқамза бастаған 40 шебер Шеміршек ауылында арнайы шеберхана құрады. Олар теміршілік, ағашшылық, былғары өңдеу, май тарту, темекі жасау, етікшілік, тігіншілік, ер жасау секілді алуан өнермен айналысқан. Бүгінде олардың ұрпақтары ата өнерін жалғастырып келеді. Ондағы қазақтар өз қолдарынан келетін кілем, қазақы үй жиһаздары, ұлттық киім-кешек, пышақ, арба, кесте темір құрал-жабдық жасау секілді ұсақ өндірісті дамытуды біршама меңгерген. Мысты, қоланы нақыштау немесе жасанды жаһұтпен жасалған сүйек сапты пышақ, өрнектеп жасалған ертоқым мен қамшы, түсті металмен өрнектеп жасалған ағаш сандық, бесік т.б ларды жасап бір жағынан қолөнер бұйымдарының көргізбелеріне қойса, енді бір жағынан тұрмыс қажеті үшін сауда айналымына салып, күнкөріс көзі етті.
Шынжаң қазақтарында қазақтың байырғы ою-өрнектерінің көп түрлері сақталған. Ол киіз үйдің ішіндегі барлық жиһаздарды әшекейлеумен ерекшеленеді. Сондай ою-өрнектердің алғашқы жинақталған түрі 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан "Қазақтың ою-өрнектері" деген атпен арнайы кітап болып шығарылды.
Жеке шаруашылықтары
Қытай қазақтарындағы барлық шаруашылық түрлері жекелердің өз еншісіне берілгеннен кейін егін, мал, сауда, қолөнер түрлерінен сырт олар күнкөріс күйбеңі үшін әртүрлі ұсақ шаруашылықтарменде айналыса бастаған.
Бастыларынан: балықшылық, бұғы бағу, қаз, үйрек, тауық бағу, омарта секілді кәсіптерді атауға болады.
Қазақтың қара өлеңдерінің ішінде "балық өлең" деген бар. Онда алып киттердің өзін тілге тиек етіп: "...балықтың ең үлкені наһан балық"- деп жырлайды. "Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау"- деп мәтелдеп, Балқан түбегіне дейін ат ізін салған халқымыз балықтың сан түрін өлең жырға қосады, әрі "өзен жағалағанның өзегі талмайды"- деп тірлік несібесін судан іздейді. Қойшыға ұзатылған балықшының қызының: "бекіре мен шортанды жемейтін қайран басым, қой сасықтың етіне қор қылдың-ау" дейтін әзілге жақын аңызы да талай нәрсені аңғартады.
Мұның бәрінен қазақ халқының ежелден-ақ балықшылықпен айналысқанының айқын дәлелін көре аламыз.
Қытай қазақтары қоныстанған өңірлерде балықтың бекіре, қызыл, шортан, ақ балық, алабұға, қара балық, заңбар(ит балық), сазан, табан, аққайран, алақанат, миті, көксерке аталатын түрлері бар.
Шынжаң жерінде балық өсетін Үліңгір, Қанас секілді әйгілі көлдер бар. "Үліңгір көлі - аумағы жағынан Қытайдағы атақты он көлдің бірі саналады. Көл бойында Шынжаң бойынша ең үлкен мемлекеттік балықшылық орны бар. Оның жылдық балық өндіру қуаты 4500 тоннаға дейін жетеді. Бұл бүкіл Шынжаң бойынша ауланатын балықтың 70 пайызын ұстайды"(52).
"Қанас көлінің тереңдігі 188,5 метр болып, 1984 жылы Шынжаң университетінің биология факультетінің ұстаздары мен студенттері одан ұзындығы 17-18 метр келетін алып қызыл балықты байқаған"(53). Бір қызығы Қанас көлінің тереңі әлі зерттеліп болған жоқ.
Өкінішке орай, соңғы жылдары қытайлардың беталды балық аулауына байланысты Іле, Ертіс секілді ұлы өзендерде үлкен балықтар дерлік құрып кетті.
"Қазақ халқы мекендеген жерлерде табиғаттың таусылмас кені, сан алуан аң-құстар бар. Бұлардың бастылары - қарақұйрық, тауешкі, арқар, бұғы, елік, бөкен, құлан, қодас, аю, қасқыр, түлкі, қабылан, сілеусін, бұлғын, сусар, тиін, құндыз, суыр, борсық, мәлін, қаз, үйрек, қырғауыл, ұлар, құр, т.б."(54).
Ішкі Қытай жерінен Шынжаңға көшіп келушілердің көбеюіне байланысты заңсыз аң аулаушылардың кесірінен аталған аң-құстардың бір бөлімі құрып жоғалып кетсе, көп бөлімі мүлдем азайып кетті.
Қазақ халқы ежелден аңшылықты ата кәсібі етсе де, олардың "обалы, киесі болады"- деп құртып-жоғалтуға жол бермейтін еді. Соңғы кездері қазақтардың аңшылық кәсібіне ешқандай өріс қалмады. Десе де мемлекеттің арнайы рұқсатымен даланың аң-құстарын асырап бағуды жеке күнкөріс еткен отбасылар да пайда бола бастады. Арқарды ұстап, оны қоймен ұрықтандыру, тауешкі мен қолдағы ешкіні ұрықтандыру алғашқы қадамда жақсы өнім берді.
Іле, Алтай тауларының қойнауындағы кейбір малшылар бұғы бағуды арнайы кәсіп етеді. Қытай жерінде бұғы мүйізі аса бағалы болғандықтан онымен айналысушылар сол мүйізді сатып күн көреді.
Жазиралы жасыл далалар мен гүл көмкерген көрікті мекендерде ара бағумен айналысып отырған омарташылар да бар.
Үйрек, қаз, тауық бағып, оның өзін немесе жұмыртқасын пайда көзіне айналдырушылар да табылады.
Үш аймақты құрамына алған Іле Қазақ автономиялы облысы - жер асты қазба байлығы мол ырысты өлке. Онда көмір, темір, алтын, күміс, тұз, әк, шырымтал және түсті металл мен сирек кездесетін металдың сан алуаны бар. Жұртқа әйгілі Қарамайлы, Орқы, Майтау мұнай алаптары бар.
Шынжаңның Жоңғар, Тарым, Тұрпан-Құмыл осы үш ойпатында мұнай, газ байлығы төтенше мол болып, Қытай мемлекеті бойынша алдыңғы орында тұрады.
Жоңғар ойпатының көлемі 130 мың шаршы километр болып, мұнай-газ байлығы шамамен 15,9 миллиард тонна деп межеленген.
Шынжаңнан шығатын жер асты байлығының жергілікті ұлттар еншісіне тиетіні бір пайызға жетпесе де, Қарамайлы, Майтау, Күйтін секілді қалаларда тұратын көптеген қазақ отбасылары өнеркәсіп ошақтарында әртүрлі жұмыс істейді. Іле, Алтай, Тарбағатай жеріндегі түсті металл кендері мен көмір кендерінде жұмыс істеп күнкөріс айыратын қазақтар да аз емес.
Үрімжі қаласында қазақтар ашқан "Үйсін", "Ақбұлақ", "Ағажай", "Ақжайық", "Алтынорда" секілді ресторандар мен "Әлия", "Медеу", "Орда", "Жаңа әуен", "Өрен", "Шоқ жұлдыз" секілді киім-кешек, компьютер, өнер-білімді өзек еткен шағын жұмыс орындары бар.
Қытайдың мемлекеттік жұмыскері болғандарға жұмыс орнының жасайтын көмектері көп болады. Баспана, зейнетақы, емделу жағында көптеген қолайлылықтар жаратылған. Зейнетке жоғары еңбек ақымен шығатындықтан тұрмыстық жақтан аса қиыншылық көрмейді