Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы Қазақстан арқылы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін елордада өткен қазақ-неміс бизнес форумында көлік және логистика мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
None

«Көлік және логистика салаларында мүмкіндік мол. Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты. 2022 жылдан бастап Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артты. Шығыс пен Батыс арасындағы ұлғайып келе жатқан сауда көлеміне қолдау көрсету үшін біз инфрақұрылымды жаңарту және кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз қазақстандық порттардың өткізу мүмкіндігін 30 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз. Біз ЕуроОдақтың «Жаһандық қақпа» бастамасы мен біздің ұлттық деңгейдегі күш-жігеріміздің синергиясына сенеміз. Біздің ресурсымыздан бөлек, нақты жобалар ЕҚДБ, ЕИБ және KfW неміс даму банкі арқылы да қаржыландырылуы мүмкін. Ертең Штайнмайер мырза Каспий теңізінің жағасындағы Маңғыстау облысына барып, осы Транскаспий халықаралық көлік бағытының зор әлеуетін өз көзімен көреді», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев SVEVIND Group компаниясымен құны 50 миллиард доллар болатын жасыл сутегін өндіру жөнінде келісімге қол қойылғанын жеткізді.

«Қазір бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Қазақстанның осы саланы дамыту әлеуеті әлдеқайда зор. Жасыл сутегі өндірісі экологиялық таза болат, алюминий және басқа да металдар өндірісіне жол ашады. Германияның жоғары технологиялық шешімдерімен және Қазақстанның ресурстарымен біз, шын мәнінде, алдымызға биік мақсаттар қоя аламыз», - дейді ол.

Қазақстан Президентінің айтуынша, Германия – әлемдегі жетекші инновациялық орталықтардың бірі.

Бұл ел технология мен ғылым саласында өте жоғары стандарттарды енгізуімен танымал.

«Біз Еуразиядағы өңірлік инновациялық және цифрлық орталық болуға ұмтыламыз. Аталған салалардың берік іргетасын қалауды бастадық. Қазақстан цифрлық қызмет көрсету саласында өңірлік көшбасшы ретінде жоғары бағаланады. Осы мақсатта біз түрлі бағыттарға, соның ішінде технологиялық және цифрлық зерттеулерге және стартаптарға германиялық серіктестерімізді шақырғымыз келеді», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар