Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы таяу жылдары 40 млрд. АҚШ долларына жетеді - ҚР-ғы ҚХР-дың елшісі

Өңір басшысы Бауыржан Әбдішев пен қытайлық дипломат ынтымақтастықты дамытудың болашағын талқылады.
«Қарағанды облысының ҚХР-мен сыртқы сауда айналымы үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 1,4 млрд. АҚШ долларын құрады. Облыста 450-ден аса бірлескен кәсіпорын, оның ішінде алтауы қытайлық азаматтардың қатысуымен жұмыс жасауда», - деді облыс әкімі.
Дипломаттың сөзі бойынша, облысқа жұмыс сапарымен келудегі негізгі мақсаттарының бірі Қытай мен Қазақстан арасындағы аймақтық ынтымақтастықтың дамуы болашағына баға беру болып табылады.
«Мен Қазақстанға осыдан екі ай бұрын келдім. Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен сіздің еліңіз қол жеткізген үлкен жетістіктер маған ерекше әсер етті», - деп атап өтті Л. Юйчэн.
ҚХР мен Қазақстан арасындағы экономикалық қатынастар қарқынды дамуда, деді ол. «Былтырғы жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 25,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Таяу жылдары, екі жылдың ішінде біз 40 млрд. долларға жететінімізге мен сенімдімін», - деп мәлімдеді ҚХР елшісі.
Л. Юйчэн Қарағанды облысына «жасыл экономика», туризм және мәдени-гуманитарлық салада ынтымақтасты дамытуды ұсынды. ҚХР елшісі бүгін Қарағанды облыстық көркемөнер мұражайындағы «Ағаштан жасалған жаңа жылдық гравюра» көрмесінің ашылу рәсіміне және «Тамаша Қытай» сурет көрмесіне қатысты. Сонымен бірге, ҚХР елшілігі «Бәйтерек» балабақшасына арнайы жабдықтар сыйға тартпақшы.