Қытай мен Қазақстан ежелден тату көрші, біздің елдерімізді Ұлы Жібек жолы тығыз байланыстырып тұрды - ҚХР Мәдениет министрі Цай У

- Сіз гуманитарлық саладағы қазақстандық-қытайлық ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне қандай баға бересіз? Болашақта Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтықты қалай ілгерлетуді жоспарлап отырсыз?
- Қытай мен Қазақстан ежелден тату көрші, біздің елдерімізді Ұлы Жібек жолы тығыз байланыстырып тұрды. Дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бастап екі елдің қарым-қатынасы сәтті даму үстінде әрі оның маңызды бөлігі мәдени байланыстар да айтарлықтай дамуға қол жеткізіп отыр. 2005 жылы құрылған мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі қытайлық-қазақстандық комитет жыл сайын тұрақты өтіп келеді. Ағымдағы жылы оның 10-шы, мерейтойлық отырысы көзделуде. Екі елдің мәдениет министрлері орынбасарларының төрағалығымен комитет екіжақты гуманитарлық алмасулар мен ынтымақтастық үшін тиімді алаң бола отырып, материалдық мәдениет ескерткіштері, радио хабарларын тарату, журналистика, баспа ісі, мұрағат, жазушылар одағы және басқа да бөлімшелерді қамтиды. Соңғы бірнеше жылдың ішінде екі тарап та бір-біріне өздерінің үздік ұжымдарын жіберіп, Мәдени күндерін, кино апталықтарын өткізіп, ірі мәдени іс-шараларға мұрындық болды. Материалдық мәдени ескерткіштерді қорғау саласында соңғы 2 жылдың ішінде Қытай, Қазақстан және Қырғызстан бірлесіп әзірлеген «Ұлы Жібек жолы: Бастапқы буын және Тянь-Шань дәлізінің жол желісі» атты жобаны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра орталығына алдын ала өтініммен жіберді. 2012 жылдың қаңтарында қытай тарабы Қазақстанды қытай азаматтары үшін туристік мақсаттағы ел ретінде бекітті. Екі ел арасындағы білім беру және студенттермен алмасу саласында қазір Қытайда шамамен 10 мың қазақстандық студент білім алуда, ал Қазақстанның жоғары оқу орындарында да көптеген жас қытайлық студенттер оқып жатыр. Боашақта олар екі ел арасындағы достық ісін жалғастыруда қуатты күшке айналатындығына сенімдімін. Мен таяу екі жылдың ішінде, нақты айтқанда, биыл және келесі жылдары өтетін екі елдің мәдениет күндерін ерекше еске салып өткім келеді. Өткен жылы сіздердің елдеріңіздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға жасаған сапары барысында біздің еліміздің басшылығымен әңгімелесу барысында екі елдің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын нығайту, «Мәдениет күндерін» ұйымдастыру қажеттігін атап өткен болатын. Екі ел көшбасшыларының нұсқауымен осы және келесі жылдары мәдениет күндері ұйымдастырылады. Биыл қазақстандық тарап ең үздік көркемөнер ұжымдары мен көрмелерін бізге жібереді. Біздің министрлік бұл оқиғаға барынша назар аударып отыр. «Қазақстанның қазынасы» көрмесі Қытайдың ұлттық мұражайында, «Қазақстанның мәдениет күндері» гала-концерті Қытайдың Мемлекеттік үлкен театрында (National Centre for Performing Arts) өтеді. Бұлар Қытайдың ең үлкен мәдени ошақтары. Бейжіңнен бөлек Шанхай мен Үрімшіде де қазақстандықтар өнер көрсететін болады. Келесі жылы Қазақстанда «Қытайдың мәдениет күндері» өтетін болады. Қазақстан халқына Қытайдың біреген мәдениеті мен өнерін паш ету үшін ең үздік көркемөнер ұжымдарымызды жіберетін боламыз. Дәл сол кезеңде сіздердің ақпарат агенттіктеріңіз аталған оқиғаны кеңінен жазып көрсетеді деп сенеміз.
- Таяу болашақта Қазақстанда қандай мәдени шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырсыз?
- Біздің министрліктің жұмыс бағдарламасына сай 2014 жылы Көктем мерекесі (Қытай жаңа жылы) уақытында Алматы, Астана және Ақтөбе қалаларына Ішкі Моңғолияның көркемөнер труппасын жіберуді жоспарлап отырмыз. Көктем мерекесі қытайдың ай күнтізбесіне сәйкес атап өтілетін ең маңызды әрі дәстүрлі қытай мерекесі болып есептіленінеді. Бұл мереке қыстың аяқталып, көктемнің келгенін және толық жаңаруды білдіреді. Бұл мереке отбасын табыстырып, көңіл көтеретін, қуаныш сылайтын айтулы шара. 2014 жылы қытай Жаңа жылы 31 қаңтарға дөп келеді. Дәл осы уақытта Қазақстанда әлі де болса қар жататындығын білемін. Дегенмен Қытайдан келген труппа Қазақстан халқына қытай көктемінің лебін әкеліп, қытай халқының достық пейілін жеткізеді деп ойлаймын.
- Таяуда Астанада «Астана Опера» жаңа мемлекеттік опера және балет театры ашылды. Сіздің министрліктің жоспарында осы театр сахнасында өнер көрсету үшін Қытайдың талантты әртістерін жіберу бар ма?
- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің тікелей зор көңіл бөлуімен алдыңғы қатарлы дизайнерлік тұжырымдамаларды қолдана отырып салынған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Астананың мәдени пейзажының маңызды құрамдасына, сонымен қатар сіздердің елдеріңізде өнер көрсеткісі келген көптеген шетелдің көркемөнер ұжымдарының бірінші таңдауына айналды.Біз бұдван былай да ҚР мәденит министрлігімен біздің көрнекті көркемөнер ұжымдарымыздың сіздің елде қытайдың дәстүрлі және заманауи өнерін таныстыру жөнінде келіссөздерді жалғастыратын боламыз. Дегенмен Қытайда да әлемдік деңгейдегі Қытайдың Мемлекеттік үлкен театры, Шанхайдың Үлкен театры, Гуанчжоудың опера театры сынды алаңдары бар. Біз Қазақстанның да үздік көркемөнер ұжымдары өз халқының тамаша өнерін Қытайда паш етеді деп үміттенеміз. Бұлардан бөлек екі ел театрларының басшылары да өзара байланыс орнатып, басқару ісінде тәжірибе алмаса алады.
- Сіз ҚХР-дің Шыңжаң Ұйғыр автономиялы Республикасында тұрып жатқан қазақтардың екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз?
- Қытай 56 ұлт өкілдері мекен еткен көпұлтты ел. Қазақтар да үлкен қытай отбасының бір мүшесі. Географиялық тұрғыда олардың басым бөлігі Шыңжаң, Шыңжаң Іле және Іле-қазақ автономиялық облыстарында тұрып жатыр. Қазақтар қайырымды, еркіндік сүйгіш халық, олардың ұлттық мәдениеті өте бірегей. Қытай үкіметі қазақ халқына өздерінің бірегей ұлттық мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап қалуы әрі дамытуы үшін мол көлемде қаржылай және материалдық көмек көрсетуде. Қазіргі уақытта қытайлық-қазақстандық қарым-қатынас жемісті дамуда, екі ел халықтары арасында алыс-беріс өрістей түсуде. Қытайда тұратын көптеген қазақтар Қазақстанға саяхаттап не болмаса бизнесін жүргізу үшін барады. Сонымен қатар Қазақстан азаматтары біздің елге саяхаттап, білім алу үшін келеді.
- Соңғы уақытта шетелдік БАҚ-тар Қытайдың «жұмсақ күші» туралы өте көп жазуда. Сіз осы бағыттағы ахуалды бізге айтып бере аласыз ба? Мұндай саясат Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасқа қандай тиімді әсер береді? Бұл бағытта Мәдениет министрлігінің қандай нақты бастамалары бар?
- Елдің «жұмсақ күші» қатаң күшке, яғни саяси, экономикалық және әскери шараларға мүлдем қарама-қарсы тұратын жайт. Елдің «жұмсақ күші» ретіндегі мәдениет елдің ұзақмерзімді дамуының негізі. Ол болашақта сол не басқа елдің шынайы күшін айқындайды. Мәдениеті жоқ ел, мәдениетсіз ұлт, мұндай елдің әлеуеті де, даму болашағы да жоқ. Қытай үкіметі бейбіт даму саясатын мүлтіксіз жүргізеді. Біз басқа елдермен мәдени алмасулар аясында барлық елдердің адамдарына қытай халқы бейбітшілікті, келісімді жақтайтындығын, қытай мәдениетіт құрметтейтіндерді жақсы көретіндігін айтқымыз келеді. Таяуда ғана ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Орталық Азия елдерінде сапарда болды, Астанадағы Назарбаев Университетінде сөйлеген сөзінде ол "Жібек жолының экономикалық белдеуін" бірлесіп құру жөнінде бастама көтерді, бұл ұсынысты Орталық Азия елдерінің саясаткерлері мен жұртшылығы қызу қолдады. Біз осы "Жібек жолының экономикалық белдеуі" Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы бизнес үшін арна болып қана қоймай, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы мәдени алмасу мен ықпалдастық арнасы да және ынтымақтастық пен топтасу жолы болады, сөйтіп, қытай халқы мен Орталық Азия халықтары бірге тамаша болашақ құрады деген сенімдеміз.
- Сұхбатыңызға рахмет!