Қытай павильоны энергия саласындағы жетістіктерін паш етті

«Бүгін біз сіздермен ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында жүздесіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Ең алдымен осы халықаралық көрмеде Қытай ұлттық күнінің ашылуымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Сонымен бірге біздің шақыруымызды қабыл алып, осы көрмеге белсене қатысқандарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл көрмеге әлемнің 115 елі қатысуда. Олар өздерінің ең үздік ғылыми технологияларын және мәдениет табыстарын көрсетуде. Нәтижесінде Астана Қазақстан Президенті айтқандай, XXІ ғасырдың қаласына айналуда», - деді төраға Ахметжан Есімов.
Осы орайда Нұрлан Нығматулин халықаралық көрмеге Қытай мемлекетінің қатысып жатқандығын жоғары бағалады. «Осы көрмеге қатысып отырған барлық мемлекеттер болашақта өркендеуі үшін халықтарымыздың қауіпсіздігі және сапалы өмір, инновациялық даму үшін тиімді шешімдер қабылдауда. Соның ішінде біздің тату көршіміз Қытай елінің «Болашақтың энергиясы: жасыл жібек жолы» экспозициясы - осы көрмедегі ең ірі және ең үлкен жұмыстардың бірі. Қытай Халық Республикасы жаңартылатын энергия саласында әлем бойынша алдыңғы қатарда екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан елдеріңіздің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы жаңа технологиялардың дамуына әрі елдеріміздің арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашатындығы сөзсіз», - деді Нұрлан Нығматулин. Сонымен қатар ол биыл қос мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағандығына 25 жыл толғанын атап өтті.
- Биыл қос ел арасындағы дипломатиялық байланысқа 25 жыл толды. Бұл - екі елдің тату көрші, өзара сенімді дос, стратегиялық әріптес ретінде жақын қатынасын көрсететін мерейлі кезең. Ол, әрине, ең алдымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХА төрағасы Си Цзиньпин арасындағы салиқалы саясаттың жемісі. Соның нәтижесінде елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас барлық салада жыл сайын сапалы деңгейге көтеріліп келеді, - деді Мәжіліс төрағасы.
Ал Бүкілқытайлық халық өкілдерінің жиналысы тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ аталмыш көрме мемлекеттер арасындағы сауда байланысының одан әрі жандануына септігін тигізетіндігін атап өтті. «ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу арқылы біз Қазақстанмен бұдан да тығыз байланыстарды орнатып, екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге көтере аламыз деп сенеміз. Естеріңізде болса, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де осы көрмеге келіп кеткен. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге олар Қытай павильонында болды. Біз ЭКСПО-2017 көрмесін қолдаймыз», - деп түйіндеді сөзін ол.
Кейін қос мемлекет өкілдері «Нұр Әлем» павильонын тамашалап, Қытай павильонының күніне арналған шоу ұйымдастырылды. Онда вокалдық музыка, би, акробатика және жауынгерлік өнердің әртүрлі көркемдік түрлеріне бай қызықты шоу ұсынылды.
Атап өтерлігі, ЭКСПО ашылуы қарсаңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин Қытай Халық Республикасының көрме павильонын аралап, Қазақстан Президенті «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысқаны үшін Қытай жағына ризашылығын білдірген болатын.