Қытайда қала көшелерінен 3000 тұяқ қой айдаған түйелі көш өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
None

Қазақстандық түйе сүті ұнтағы Қытайға экспортталуда - «Халық» газеті

Түркістан қаласының шетінде Golden camel түйе сүті ұнтағы зауыты орналасқан. Қытай-Қазақстан ынтымақтастығының негізгі жобасы ретінде зауытты Қазақстандағы қытайлық кәсіпкерлер инвестициялайды және басқарады. 2015 жылы құрылғаннан бері ұнтақ сүт зауыты түйе сүтін ұнтақ сүтке өңдеу және оны Қытайға, Ресейге, Германияға, Египетке және басқа елдерге сату үшін жергілікті түйе фермерлерімен серіктес болған.

Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық» газеті басылымы хабарлады.

«Халық» газетінің келтірген дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта ұнтақ сүт зауытында 126 жергілікті қызметкер жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 90%-ын құрайды. Жыл сайын компаниялар Қытайда оқуға және кәсіби дағдыларды игеруге мүмкіндік беру үшін көрнекті қызметкерлерді таңдайды. Олардың жалақысы орташа республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары екені айтылады.

Сондай-ақ, осы аптада «Халық» газетінде «Бейжіңде Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығындағы Мәдениет күні тойланды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.


Қытайлық басылымның мәліметінше, 13 қыркүйек күні түстен кейін Бейжіңдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығында Қазақстан Республикасының Мәдениет күні салтанатты түрде өткен.

Аталған іс-шарада ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин өз сөзінде «Қазақстан Республикасының 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі ШЫҰ-ға кезекті төрағалық ету кезеңіне арналған бірлескен қызметтің үшжақты жоспарына» қол қойылғанын хабарлады.

Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев биыл 5 шілдеден бастап бір жыл Қазақстан ШЫҰ-ға кезекті төрағалық етіп жатқанын, негізгі жоспармен таныстырды.

Айта кетейік, жиналған жұрт Қазақстанның «Тұран» өнер тобының ырғақты күйлері мен тамылжыған әндеріне құлақ құрыштарын қандырып, кең байтақ қазақ даласына барып қайтқандай күйге бөленді.

Сонымен бірге, қазақтың киіз үйі тігіліп, қадамын енді басқан балдырғанның тұсауы кесілді. Шашу шашылып, ақ бата берілді. Жиылған жұрт «Тұран» өнер тобының әсем әуенінен ләззат ала отырып, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.

Қытайда қала көшелерінен 3000 тұяқ қой айдаған түйелі көш өтті

- CNR



Осы аптада, яғни қыркүйектің 10-ы күні Қытайдың Алтай қаласында алтын күз мәдени туризм сериясы мен Алтайдың тегене құйрықты қойларын насихаттау «шоуы» салтанатты түрде ашылды.

Мыңғырған қойлар, шаңырақ салып маң-маң басқан атандар, тас асфальтты тақылдата басқан жылқылар Алтай көшесін өзгеше бір сәнге бөледі, - деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы» ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, сол күні арнайы шараға қатысқан малшы қауым ұлттық киім-кешектерін киіп, ат-әбзелдерін толықтай сайлап, күні бұрын жығып дайындап қойған киіз үйлерін түйеге артып, қоралы қойларын айдап үдіре көшті. Ат құлағында ойнайтын, үкісі бұлғақтаған бөйжеткендер, түйенің бұйдасынан соза тартып, көш бастаған салихалы байбішелер, жорға мен жүйрік мінген жігіттер, бәр-бәрі де қаланың қақ ортасынан өткен көшке ерекше сән қосты.


Алтайдың Сарқобы күзеулігінен жолға шыққан, жол-жөнекей қаладағы бірнеше көше мен алаңдарды басып өтіп, ең соңында Сарқобы күзеулігіне қайтқан. Шопандар көшін көргенде, көшедегі қала тұрғындары мен қала қонақтары шетке қарай ығысып, салтанатты көш шеруін жол шетінде тұрып тамашалаған.

«Сонымен қатар, осы жолғы көшпен өткен шопандарға»көш байсалды болсын«айтып, айран-шалабын ала шыққан жеңгелердің көрінісі де көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Әсіресе, қала халқына тым таңсық, маңғаз жануар ойсылқара маң-маң басып қастарынан өткенде, аппаратының көзін тураламаған адам кемде-кем» деп жазады қытайлық басылым.


«Қойлы ауылдың қала көшелерінен өткендегі салтанатын бейнелеуге тіл жетпейді. Қала аспанын кернеген керемет ән әуені мен мың бұралған бишілер, ұзатылған қыз керуені дейсіз бе, бәрінің сәні өз алдына бір төбе. Осызаманғы қала тұрмысы мен дала мәдениетін ұштастырып, қала халқына мал шаруашылық мәдениетінің ерекшелігін тамашалатудың өзі бір ғанибет емес пе!» - дейді Алтай қаласының тұрғыны Ләззәт Жамсапқызы.

Әуелеген әсем музыка үні ішінде, қоралы қойлар мен үйірлі жылқылар қала көшесінен өткенде бейне сәнгерлер тобы сахнадан өткендей болған.


«Осындай салтанатты сәтті естелік етіп қалдыру үшін, тамашашылар телефондарын көтеріп, суретке, видеоға ала бастады. Бұл жолғы салтанатты шараға қатысушылар қатары тым көп болды. Атап айтқанда, 3300 тұяқ қой, 50 жылқы, 13 түйеден құрам тапқан екен» деп жазады қытайлық басылым.

Осы қойлы көш салтанатымен қатар, жұрттың көзайымына айналған тағы бір іс-шара «ең таңдаулы» қойды анықтау жарысы өтті.


Бұл жолғы бағалау өлшемінде қойдың салмағы, дене бітімі, бас бөлімі, сирағы, құйрығы, жүні қатарлы 6 жақтан бағалау жүргізілген. Бағалау арқылы, Алтай қаласы Қандығаты ауылының тұрғыны Балғабек Ақыметқанұлының қойы 129 келілік салмақпен 1-шы орынды жеңіп алған.

Іс-шараны ұйымдастырған аймақтық әкімдік өкілдерінің айтуынша, бұл жолғы шопандар «шоуы» Алтайдың өзгеше туристік мүмкіндіктері мен ұлттық салт-сана мәдениет байлығын көрсетіп, Алтай тегене құйрықты қойының танымалдығын арттыруға мүмкіндік болды. Осындай шаралар арқылы туризмды дамытуға, Алтайға өзге өңірлеріндегі туристердің көптеп келуіне жол ашылады.


Өзбекстанға 7 айда 130 млн доллардың ұялы телефондары импортталған - «ӨзА»


2023 жылдың қаңтар-шілде айларында Өзбекстан шетелден жалпы құны 130 миллион АҚШ долларына жуық ұялы телефондарды импорттады.

Өзбекстандық Статистика агенттігінің алдын ала мәліметі бойынша, жыл басынан бері 7 айда республикаға 1,9 миллион дана ұялы телефон әкелінген. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ұялы телефон импорты 365 880-ге өсті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстан 2023 жылдың 7 айында ұялы телефондарды ең көп импорттаған елдер арасында Қытай бірінші орында – 1,7 миллион дана. Айта кетейік, Өзбекстанның телефон импортталған елдері қатарында Қазақстан да бар екен.

Түркияда оқитын қазақстандық жастарға ақпарат берілді – «TRT»


Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттердің саны жыл сайын артып келеді.

Студент санының соңғы үш жылда 2900-ден 8200-ге өскен. Соған сәйкес Түркияның Қазақстандағы елшілігінде биыл Түркияға баратын студенттерге арналған ақпараттық шара ұйымдастырылған, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Қазақстандық студенттер үшін ұйымдастырылған кездесуге Елші Мұстафа Капужу қатысқан.

Түркияның Қазақстандағы елшілігінің білім жөніндегі кеңесшісі Өмер Инан қазақстандық жастар арасында Түркиядағы университеттерге сұраныстың жоғары екенін және «Түркия стипендиясының» брендке айналғанын айтқан.

Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер санының артқанына назар аударған...

Министр сонымен бірге Түркияның жетекші университет филиалдарының Қазақстанда ашылатынын хабарлаған.

Сонымен қатар осы аптада «TRT»-да «Түріксой Мұрат Әуезовты ұлықтады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.


Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Түркияның астанасы Анкара қаласында Түріксой шаңырағында қазақтың дарынды жазушысы, дипломат, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың 80 жылдығына арналған конференция және «Бірліктелік» кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шараға Қазақстаннан арнайы келген Мұрат Әуезовтың қызы, тарих ғылымдарының докторы Алуа Әуезова, Мұрат Әуезов атындағы мәдениет орталығының директоры Дияр Қонаев, философ Мүсірқұл Қабылбеков қонақ болған.

Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксой Бас хатшысы Сұлтан Раев ұйымдастырған шарада Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Анкара Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы профессор Хуля Касапоғлу Ченгель, Еуразия Жазушылар одағының президенті Якуп Өмероғлу да сөз сөйледі.

Беташар баяндамалардан кейін Түріксой баспасынан түрік тілінде шыққан Мұрат Әуезовтың кітабының лентасын қию рәсімі өтті.

Ирандағы Қазақстан елшісі Раисиді Астанаға шақырды – «Parstoday»

Ирандағы Қазақстан Елшісі Асхат Оразбай Теһрандағы Қазақстан елшілігінде өткен баспасөз отырысында Солтүстік-Оңтүстік дәлізін пайдалану саласында Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы одан ары артатынын мәлімдеген.

Бұл туралы осы аптада ирандық «Parstoday» ақпарат агенттігі хабарлады.

Оның айтуынша, осы мақсатта бүгінге дейін бірнеше делегация өзара ынтымақтастықты талқылау және Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің артықшылықтарын пайдалану үшін Иран мен Парсы шығанағы аймағына сапар шекті. Бұл тұрғыда Иранға үлкен сенім артатынын айтқан.

Ирандағы Қазақстан елшісі сондай-ақ Иран Президенті Ибрахим Раисидің Астанаға ресми сапармен келуге шақырылғанын, шақыру қабылданды, бірақ уақыт әлі белгіленбегенін тілге тиек еткен.

Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси-экономикалық салада жүргізген реформаларына тоқталған.


Соңғы жаңалықтар