Қытайда өткен жарыста қазақстандық көкпаршылар бас жүлдені жеңіп алды

Достық кездесуге Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан және жергілікті қазақтардың көкпар ойыншылары қатысты. Финалда елімізден шыққан құрама команда ҚХР командасымен сайысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бас жүлдені жеңіп алған командаға ақшалай 50 мың юань табысталды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы. «Үш күнге жалғасқан көкпарды тамашалауға 10 мыңнан астам көрермен жиналып, ыстық ықылас танытты. Халықтың мұндай қызығушылығы, бізді сөзсіз қуантты», - деп өз әсерлерімен бөлісті ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Ұлттық спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Рамазан Сәттібай. Сонымен бірге көкпар құрама командасының жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев жарыстың қытайлық көкпар ережесі бойынша өткізілгенін, яғни әр команда құрамы 7 адамнан тұрып, «қазандықтың» орнына салым салатын «горда»-ның болғаны ерекше болды деп атап өтті. Өз кезегінде қытайлық ұйымдастырушы тарап Қазақстан елінің көкпар командасы өз өнерлерін әйгілеп, мерекенің салтанатын асырғанын жеткізген құттықтау хат жолдады. «Тұлпар» халықаралық мерекесін ұйымдастыру комитетінің басшысы Алмас Байдәулетұлы өз хатында: «ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына құрметімізді білдіре отырып, алдағы уақыттарда өткізілетін ұлттық спорт шараларына зор табыс тілейміз!», деп алғысын білдірді.