Қытайда Ұлттар мәдениеті сарайында «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрсетілді (ФОТО)

Шараны Қытайдың Ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ҚХР-дағы Қазақстан Елшілігі ұйымдастырды.
Оған ШЫҰ-ның бас хатшысының орынбасарлары Махмадшариф Хакдодов пен Сабыр Имандосов, Қытайдағы елшілер Андрей Денисов (Ресей), Данияр Курбанов (Өзбекстан), Қазақстан, Қырғызстан, Тәжістан, Беларусь, Украина елдерінің дипломаттары, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының, Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының, Бейжің шет тілдері университетінің қызметкерлері, қытайлық министрліктер мен ведомстволардың, Бейжіңдегі қазақстандық ұлттық компаниялардың өкілдіктерінің өкілдері, ҚХР бизнесмендері мен қоғам қайраткерлері, Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAC) белсенділері қатысты. «1 желтоқсанда біз Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі - Тұңғыш Президент күнін атап өтеміз. Бұл күн еліміздің әр азаматы үшін ерекше күн. «Елбасы жолы» фильм-эпопеясының барлық бөлімдері қытай тіліне аударылып, ағымдағы жылдың шілде-қыркүйек айларында ҚХР Орталық телевидениесінен көрсетілді. Оның кезекті серияларын көрсету 2013 жылдан бері жыл сайынғы дәстүрге айналды», - деді фильмнің көрсетілімі алдында көрермендерге сөзін арнаған ШЫҰ хатшылығы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Ерік Әшімов. Ол 1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау өткенін, оның барысында Қазақстан Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланғанын еске салды. «Қысқа тарихи мерзім ішінде біздің еліміз әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан көп жетістіктерге қол жеткізіп, ішкі саяси тұрақтылығын сақтап қалды, сыртқы саяси табыстарға жетіп, халықаралық мойындауға ие болды. Бұл жетістіктердің барлығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты», - деді дипломат. Көрермендердің пікірінше, фильм қытайлық қауымдастыққа ҚР Тұңғыш Президентінің жеке тұлғасын ғана емес, Қазақстанның тарихын, мәдениетін тереңінен танып-білуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ қатысушыларға институционалдық реформаларды жүзеге асыру бойынша Ұлт жоспары туралы «100 нақты қадам» кітабы төрт тілде - қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде ұсынылды. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институты директорының орынбасары Сунь Ли (Sun Li) қазақстандық журналистерге берген сұхбатында Н.Назарбаевқа қатысты өзінің көзқарасын білдірді. «Қазақстан Президенті өз елінің Көшбасшысы ғана емес, әлемдік аренада белгілі, беделді тұлға. Фильмде оның Қарағанды облысында еңбек еткен жылдары, ел Президенті болуына ықпалын тигізген жеке қасиеттері ашылып көрсетілген», - деді ол. Фильмді Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясының Орталық Азия бөлімінің меңгерушісі Дин Сяосин (Ding Xiaoxing) де жоғары бағалады. «Фильм тамаша түсірілген. Онда Н.Назарбаевтың қарапайым адамдарға деген көзқарасы, еңбекке құштарлығы, өз елінің Көшбасшысына айналу жолдары жақсы көрсетілген», - деді ол. Айта кетейік, Қытай Мемлекеттік ұлттар мәдениеті сарайы басқа да мемлекеттік мәнге ие ғимараттармен қатар 1959 жылы ҚХР-дың онжылдық мерейтойына орай салынған. «Тығырықтан жол тапқан» фильмінің көрсетілімі Ұлттар мәдениеті сарайында шетелдік елшілікпен ұйымдастырылған тұңғыш шара болды, бұрын мұнда тек мемлекеттік шаралар ғана өткізіліп келген.