Қытайдың Шэньчжэнь қаласының ресми делегациясы Алматыда іскерлік келіссөздер өткізуде

Оны бүгін Шэньчжэнь қаласының вице-мэрі Чжан Вень Алматыда іскерлік кездесу кезінде мәлімдеді.
«Әуежайдан мейманханаға дейінгі аралықта біз Алматыға ғашық боп қалдық. Бұл бай тарихи, мәдени мұралары бар қала екенін білдік. Қытай мен Қазақстанды таулар мен өзендеріміз жалғастырып жатыр. Олардың арасын экономикалық, сауда салалары тығыз байланыстыруда. Біз дәстүрлі достық қатынасты әрдайым жоғары бағалаймыз. Шэньчжэнь қаласы ынтымақтастықты нығайтуға Алматы қаласымен бірлесіп үлес қосуды ұсынады», - дейді Чжан Вень. Оның айтуынша, бұл сапардың мақсаты - екіжақты қатынаста сауда, экономика, мәдениет пен білім салаларындағы ынтымақтастықты дамыту және оған жағдай жасау. Чжан Вень: «Алматы - Қазақстанның экономикалық, қаржылық, мәдени және тағы басқа салалардағы орталығы. Бұл қалаға біз ерекше көңіл бөлеміз. Шэньчжэнь Қытайдың оңтүстік жағында орналасқан. Ол ең алғашқы арнайы экономикалық аймақ саналады. 1980 жылы құрылған ол 30 жылда қазіргі заманғы дамыған өндірістік, жоғары технологиялық қалаға айналды. 10 миллионнан астам тұрғыны бар шаһардың жалпы ішкі өнімі 2011 жылы 180 миллиард доллардан асты. Сыртқы сауданың көлемі 414 миллиард долларды құрады. Ол - Азия-Тынық мұхит аймағының логистикалық торабы. Бұл жас қала енді ежелгі Алматы қаласымен әсіресе логистика саласында қарым-қатынас орнатуға ынталы болып отыр», - деп атап өтті.