Қытайға жөнелтілмек болған Қазақстан төлқұжаттары түпнұсқа болмай шықты
«17 наурызда бірқатар қазақстандық электронды БАҚ беттерінде Қытайға қазақстандық төлқұжаттарды алып өтпек болған Гонконг азаматтары туралы ақпарат тараған болатын. Аталмыш Гонконг азаматтары - Arjo Wiggins Security SAS компаниясының өкілдері, ҚР Ұлттық банкінің банкноттық фабрикасына төлқұжаттар мен жеке куәлікті басып шығаратын арнайы құрал-жабдықтарды жеткізетін әлемдік интегратор болып табылады. ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ақпараттық-өндірістік орталық» РМК жеке куәліктерді және құжаттарды шығаруға қажетті жабдықтар мен техниканы жеткізу бойынша бірқатар шетелдік компаниялармен келісімге отырған, соның қатарында Arjo Wiggins Security SAS компаниясы да бар», - делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, кеше ұсталған азаматтар паспорт бланкілеріне ұқсас сынаққа арналған төлқұжат үлгілерін заңды түрде алып өтпек болған. Ол бланкілер Қазақстанға әкелінетін құрал-жабдықтарды сынақтан өткізу үшін қажет болған.
«Төлқұжаттардың барлық парақтары кәдімгі ақ қағаздан жасалған, оның мұқабасында, форзацы мен қалған беттерінде ешқандай нөмірлер, су белгілері мен өзге де қауіпсіздік таңбалары жоқ. Сынақ үлгілерінің бетінде «ҮЛГІ» деген мөр бар. Голографиялық пленканың өзі түпнұсқаға жатпайды, себебі онда қауіпсіздік элементтері басылмаған», - деп жазады ІІМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның хабарлауынша, аталмыш төлқұжаттардың үлгілері Arjo Wiggins Security SAS компаниясының өкілдеріне қабылдау-беру актісі арқылы тапсырылған. Сондықтан аталған сынақ үлгілері Қазақстан Республикасының ұлттық төлқұжаттары болып саналмайды және олар тек сатып алынып жатқан арнайы құрал-жабдықтарды сынау үшін арналған.