Қытайлық кәсіпкер әйелдер қазақстандық балаларға көмек көрсетті

«Бүгін ШЫҰ құрамына кіретін елдердің бірлескен қайырымдылық акциясы басталды. Ол аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының, сондай-ақ, онкологиялық диспансерде тіркеуде тұрған балаларға арналған. Алты күн ішінде ЭКСПО-2017 көрмесіндегі барлық павильондар бойынша экскурсия ұйымдастырылып, түрлі шаралар өткізіледі. Түскі ас беріліп, 125 балаға бағалы сыйлықтар да табысталады. Шараға ат салысқан Қазақстан және Қытай кәсіпкерлеріне алғысымды білдіремін. Бұл қайырымдылық акциясына әсіресе қытайлық кәсіпкер әйелдер үлкен үлес қосты», - деді G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нүгербеков.
Оның айтуынша, G-Global халықаралық хатшылығы EXPO&Woman ұйымы және қытай кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, мұндай акцияны 2019 жылы Бейжіңде өтетін ЭКСПО көрмесінде де ұйымдастырмақшы.
«Бұл акция тек бастамасы. Мен ШЫҰ елдерінің барлық кәсіпкерлерін акцияға атсалысуға шақырамын. Егер біз бүгін 125 балаға көмек көрсетсек, күш біріктіре отырып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларының мыңдаған балаларына көмектесер едік», - деді ол.