Қытайлық компания Абай облысында электромобиль құрастыратын зауыт салуға ниетті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Көлік құрастыратын қытайлық компания Абай облысында жаңа зауыт салуға ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңір әкімінің орынбасары Димитрий Гариков және әкімдіктің құрылымдық басқарма басшылары қытайлық Geely компаниясының өкілдерімен кездесті.


Кездесу барысында шетелдік компания электр қозғалтқышты, коммерциялық және мамандандырылған техникаларды таныстырды. Қытай тарапы электронды форматта автомобильдер желісінің тұсаукесерін ұсынып, екіжақты өзара іс-қимыл ынтымақтастық мәселелерін талқылады.


«Сонымен қатар Geely компаниясының өкілдері Семей қаласының аумағында электромобиль құрастыратын зауыт салу мәселесін көтерді. Бұл бағытта келіссөздер ары қарай жалғасады. Бұдан бөлек, компания әртүрлі кластағы автобустар, таксилер мен электр қуаттандыру стансаларының жабдықтарын өндіруді ұсынып отыр», - делінген ақпаратта.


Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында жеке кәсібін бастағысы келетін көпбалалы отбасыларға 70 грант берілетіндігі хабарланған.


Соңғы жаңалықтар