Қыз баланы тәрбиелеуде әкенің рөлі қандай?

Рас, ата-ана қос қанат секілді, бірі болмаса, самғап ұша алмайсың. Олардың бала ересек өмірдің қиындықтарын еркін еңсеретін қуатты да қайсар болып өсуі үшін берер тәлімі мен көрсетер өнегесі аз емес. Әсіресе, біздің халқымыздың бұған дейінгі өмір салтында ұл бала әкеден шаруашылықтың қыр-сырын үйреніп, іске шебер, өнерлі, сөзге шешен болып өскен. Ал қыз бала анасынан ас даярлауды, қонақ күтуді, үлкендерге ізет көрсетіп, кішілерге қамқор болуды бойына сіңіріп өседі. Аналары оларды қолөнерге жастайынан баулыған. Оған күні кешеге дейін қазақ қыздарының қолынан кестелі орамалы түспей келгені дәлел. Жалпы, қазақ халқында қыз бала тәрбиесіндегі ананың міндеттері мен парыздары өте көп. Ана өз бойындағы бар жақсылықты, өнерді, шеберлікті қызының бойына сіңіруі тиіс болған. «Анасын көріп қызын ал», «Шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер осыдан айтылса керек. Бұл көпшілікке бұрыннан мәлім нәрсе. Сондықтан да біздің айтпағымыз бұл емес. Керісінше, әкенің қыз баланы тәрбиелеудегі рөлі мен міндеттері жайлы әңгіме өрбітпекпіз.
3 жасқа жеткенде қыз бала ер адам мен әйелдің айырмашылығын біле бастайды. Осы кезде қыз балада әйел затына тән қылықтар мен әдеттер дами түседі. «Ана баласының жынысына мән бермейді» дейді психологтар. Ал әкелер алғашқы күннен-ақ сәбиін ұл немесе қыз ретінде қабылдайды. Сондықтан толыққанды отбасыларда қыздарға тән сыпайылық, биязылық пен ұяңдық ертерек дамиды. Анасынан гөрі әкесінің жанында қыз балалар өзін еркін, «ханшайымдай» сезінеді, тек әке ғана қыз балалардың бойында нәзіктікті қалыптастыра алады.
Әкенің қыз бала тәрбиесінде алар орны өте маңызды. Қыздың өсіп-жетілуі, болашақ жарымен қарым-қатынасы, отбасылық өмірдегі жетістігі мен өзін-өзі танытуы дәл осы әкенің қызына деген қарым-қатынасына байланысты. Қызына жылы сөйлеп, жақсы істеріне үнемі мақтау айтып отыратын әке қыздың өзін-өзі бағалап, үлкен жетістіктерге жетуіне, дұрыс жолды таңдауына себепкер болады.
Ал «қызды қырық үйден тыю керек» деп, жөнсіз дөрекілік танытып, кемсітіп, ұрсу оның жігерін жасытып, адам болып, әйел болып қалыптасуына кедергі келтіреді. Бұл тұста әкенің шапалағынан көрі, оның мысы басым рөл ойнау керек. Яғни, қас-қабағымен-ақ қызының қай ісін құптайтынын аңғартып, қай ісіне ырза еместігін білдіріп отыру керек.
Ескерту жасағанда да «қызым, оның дұрыс болмайды», «қыз балаға ол қылық жараспайды» деп сыпайы түрде айтқан жөн. Себебі әйел заты нәзік жаратылыс. Оның табиғаты тылсым, құпияға толы. Асыл дінімізде әйел затының осы бір мінезіндегі ерекшелігін былай жеткізген: «Әйел қабырғадан жаратылған. Ал, қабырға - қисық, оны бірден түзетем деп күшке бассаң, сындырып аласың. Ал түзетпесең, ол қисық күйінде қалып қояды». Міне, біз бұдан қыз баланы тәрбиелегенде шойын шапалақтан көрі қас-қабақтың, тыйым сөздердің, мейірім мен махаббаттың, ақыл айтып, жөн көрсетудің әлдеқайда көбірек нәтиже беретінін ұғамыз.
Балиғат жасқа толған қыз баланы тым еркелетіп, айтқанын екі етпей орындай беру де дұрыс емес, дейді мамандар. Ол бейбастақ, әрдайым өз дегенім болуы керек деген сыңарезу мінездің қалыптасуына алып келеді.
Әке қыз баланың алдында асқар таудай биік болуы тиіс. Сондықтан тағы бір ескерер нәрсе, ол қыз баланың әр қателігіне араласа бермеу керек. Көбінде, «айт ана қызыңа, өйтпесін, бүйтпесін» деп, анасын салған жөн. Себебі әйел адам секілді жиі ұрса беру әкенің сөзінің құнын түсіріп, қадірін қашырады.
Қыздар ұл балаларға қарағанда ерке, назарға бөленгісі келіп тұратын болып келеді. Сондықтан әкелер қызына әрдайым назар аударып, көңіл бөліп жүруі тиіс. Сабақтан жақсы баға алып келсе де, бір конкурста жеңіске жетсе де оған міндетті түрде жылы сөз айтуды ұмытпаған жөн. Бұл қыз баланы жігерлендіреді әрі оларға бұндай сөзді есту әлемнің бар асылынан да қымбат екенін есте сақтаған абзал.
Қыз баланы жаманшылықтан тыю үшін әкенің ыстық махаббаты ананың қырық ақылынан да артық келеді. Сондықтан әке мейірімін аямауы керек. Жақсылық пен жаманшылықтың бірін таңдау керек болған кезде, қыз бала «әкемді жерге қаратпаймын» деп, сіздің махаббатыңыздың арқасында жаза басудан аман қалатынын біле жүргеніңіз дұрыс.
Ербол Жанат