Қызанақтың шығымы - шұрайлы жердің шырыны

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қызанақ өсіру қолға алынды, деп жазады "Айқын" газеті.
None
None

Жаңақорған өңірінің аграрлық ре­сурсы ауқымды

 Бұған жер жағдайын жіті зерттеп, нарық нобайына шақтап, дақыл орналастыру дәйекті шешілген ауданның алдағы үмітін тағы қосыңыз. Биыл бірінші рет ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салынды. Аудан­дық ауыл шаруашылығы саласының ке­лешегі кемел екенін осы инвестиция көрсетіп отыр. Яғни Жаңақорған үшін қадау-қадау қам-қаракеттің несібесі бар. Көненің керемет сөзі бар еді «ұқ­сата білген ұтылмайды» деген, сол негіз бізді дала қосына жетеледі. Іргелі істер­ді көзбен көріп, қолмен ұстағамыз ке­леді. Келіскендей, сәрсенбінің сәтінде жолға шықтық. 
Жолбасшымыз - аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков. Жа­нында ауыл шаруашылығы бөлімінің бас­шысы Қаржыбек Бүркітбаев бар. Бағытымыз -Талап ауылдық округі.
Жол шіркін жетелегіш ғой, кең дала­ға көз тастап, табиғаттың тамашасына тоймай, тебіреніс тебіндеп тұр. Оқта-текте сыр ағытып, сұрау саламыз.
- Биыл ауа-райы жаңбырлы болды, даланың оты мол. Малға жайлы болып тұр ғой, Ғалеке?
-Әрине. Тау шөбі шүйгін. Мұндай кезде малшы қауым қораға жоңышқа жинап жататын. Сол жоңышқаға қазір сұраныс аз. Әр бумасы 120-130 теңгеден аспай тұр. Егіншілерге де оңай емес, алысқа тасымалдауға тура келеді.
Кенет жол жиегінде жайылып жүр­ген қалың қойдың қарасы көрінді. Ор­та­сында қалқиып шопан тұр. Көк қуған қойлар шопанды жиі қозғалуға итерме­легендей болды.
-Оң жақтағы отардың қойы мүл­дем артық сияқты. Шопанға ауыр емес пе?
-Бұл дағдылы іс. Отар қазір мың­ның үстінде. Тамыздың ортасы ауған соң, қозыны бөліп алады. Сосын бас-аяғы реттеледі.
-Ескі көздер су мол жылы қырық-елу жыл шықпаған шөп қайта жаң­ғы­рып шығады дейтін. Малға жайсыз тиіп жат­қаны бар ма?
-Бар. Уақ малдың көзіне арпабоз жайсыз. Ұшқыр түбі көзге қадалып қа­лады да, орны асқынады. Есесіне ол ірі қара мен жылқыға таптырмас азық.
Әңгіме қызып барады. Сауал да, жауап та жетерлік. Екеуі де Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын бітір­ген кәсіби мамандар. Іс-тәжірибесі де мол. Саланың жұмысына жетік, ал егін мен мал шаруашылығы жөнінен ағып тұр.
Біз Талап ауылдық округіне жеттік. Темір жол бекетінен өтіп, кең жазира далаға еніп барамыз. Ауылдың саф ауа­сы, самал желі жанға жағып, еңсені тік­тегендей. Жусанның жұпар иісі аңқып тұр. Шіркін, қазақтың жері тек дархан емес, дауа ғой...
Алдымыздан екі жас маман күтіп шықты. Бірінің есімі - Ғани Шера­лыұлы, екіншісі -Рысбек Өтегенов екен. Лезде тіл табысып, шаруаға көш­тік.
- Ассалаумағалейкум жігіттер! Іске сәт!
- Уағалейкумассалам! Шүкір, еткен еңбек, төккен тер еш кетпеді. Қызанақ түйнектеп жатыр. Бұйыртса, 20-40 күн­де өнім бере бастайды.
- Инвесторлар мұнда жиі келіп тұ­ра­тын болар?
- Қаржыны «Евразия Агрохолдинг» ЖШС мен қытайлық COFCO компа­ниясы бірлесе құяды. Жалпы, компания өкілдері бірнеше рет келіп, жұмысты көріп, нақты тапсырма беріп кетті. Қа­зір күнделікті жұмыстың нәтижесін интернет арқылы жолдап отырамыз. 
- Құпия болмаса, қай жұмыс?
- Қызанаққа қанша көлемде мине­ралды тыңайтқыш берілгені, суары­-луы, қанша пайызы гүлдегені, түйнек­тегені және т.б. жайлы.
-Жер құнары қалай екен?
- Құнары өте жақсы. Қытайлық мамандар тың жерге жоғары бағасын беріп, тыңайтқышты көп қолданбауға кеңес берді.
- Тыңайтқыш демекші, ол қай ел­дің өнімі?
- «Барлығын Қытайдан алып ке­ліп­ті» деген пікір шыңдыққа жанаспай­-
ды. COFCO мамандары тек қызанақ түрі­нің ұрығын алып келді. Тыңайт­қыш­тар Ресейдікі. Қалған өнімдер жер­гілікті жердікі.
Бұл - аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Жарқынбекұлы мен жас агроном Ғани Шералыұлының арасында өрбіген әңгіме.
Әңгімеге аудандық ауыл шаруа­шы­лығы бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүр­кітбаев араласып:
-Білуімше Қытайда қызанақтың 
50-ден астам түрі өседі. Мұнда қанша түрі егілді? - деп сауал қойды.
- Қызанақтың 12 түрі егілді, - деді жас маман. 
- Су жеткілікті ме? Қанша сағат суа­рылады? Жергілікті жердің адам­дары жұмысқа араласты ма? Қыза­нақ­тың қанша пайызы түйнектеді? - деп сұрағын жаудырды ауданның бас агро­номы.
- Скважинаға насос салып, қа­жет­-ті су алынуда. Егістікті тамшылатып суа­рылып жатқандықтан судың мөл­шері жеткілікті. Күніне 16 сағат суары­луда. Себебі күндіз күн ыстық болуда. Көшет отырғызуға және арам шөптен тазартуға ауыл тұрғындары тартылды. Қызанақтың 30 пайызы түйнектеді, - деді Рысбек Өтегенов. 
Төртеуара өрбіген әңгімеге сен­сек, тәжірибе ретінде 2 гектар жерге қыза­нақ егіліпті. Әңгіме желісін бағып, қы­занақтың 12 сортын егілу сырын да ұқ­тық. Мәселенің мәні мынада екен: Қы­­­занақтың 12 түрі бір уақытта қы­зар­майды. Яғни рет-ретімен. Демек, жаздан қара күзге дейін қызанақ өнім береді. Бұл зауыт жұмысы тоқтаусыз жұмыс жасайды. Ал томат өнімін шы­ғаратын зауыт өз-өзін ақтау үшін әр гектардан 60-80 тонна өнім беруі тиіс. Мамандар тың жерде 100-120 тоннаға дейін өнім алуға болатынын, оған дәлел ретінде «Тату Агро» қызанақты гек­тары­на 100 тоннадан аса өнім алғанын айтты.
Ғани И.Әбдікәрімов атындағы Қы­зылорда аграрлық-техникалық кол­леджін бітірсе, Рысбек Қазақ ұлттық аг­­­рарлық университетінде білім алыпты. Бүгінде инвестор компания­-лар қазақ­тың қос азаматына жауап­керші­лігі мол жұмысты жүктеп, агро­ном маманы етіп жұмысқа қабылда­-
ған. Тіптен, алдағы уақытта жігіттерді Қытайға тәжірибе алмасуға жіберіп, кәсіби білім алуға жол ашады екен. Яғни қазақтың қара­пайым азаматтарына дақылдың қыр-сырын білуге даңғыл жол ашылмақ. Бұл ауыл­шаруашылық саласына инвес­ти­ция құйыла бас­тауы­ның игілігі екені даусыз. Айта кететіні, «Жас келсе іске» демекші, күндіз-түні маңдай терімен алпауыт компа­нияның сенім жүгін ар­қа­лап, адал еңбектеніп жүр­ген жас­тар­дың еңбегі көпке үлгі. 
Жалпы, астық, майлы дақылдары және азық-түлік тауарларын импорт­-тау және экспорттау жөніндегі Қытай мемлекеттік корпорациясы ХХ ғасыр­дың ортасында негізі қаланады. 2007 жылы холдингтің 60000 астам жұмыс­шысы Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Жа­пония, Автстралия және Канададағы өкілдігінде жұмыс жасапты. Компания жаһанда астық өндіру бойынша үздік бестікке кіреді. Бүгінде компанияның фирмалық өнімдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе, жеміс-жидек пен көкөністен дайындалған «Уолл», Mengniu Dairy, Lohas шырынды суы, «Ле Конте» шо­колады, Tunhe томат өнімдері мен Zhongcha шай өнімдері және т.б. айтуға болады. 
Компанияның әлемдік нарықтағы орнын бағамдап, болашақта ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға болатыны ақиқат. Ол үшін алғышарттар жасалуда. Бір сөзбен айт­қанда, жыл басында аудан әкімі Руслан Рүстемов Талап ауылдық округінде өт­кен кезекті есепті кездесуде: «Қытай инвесторы құны - 5 млрд 985 млн тең­геге жылдық қуаты - 12 750 тонна өнім шы­ға­ратын зауыт құрылысын бастайды. Аталмыш жоба толық күшіне енгенде 600 адамды тұрақты жұмыспен қам­тиды» деген сөзі шындыққа ұласты.
Биыл сынақ ретінде 2 га жерден өнім алмақ. Негізі 3000 гектар жер беріліп отыр. Соның 5 гектары зауыттың ен­шісi. Көшпелі зауыт өнім дайын бол­ғанда жет­кізіледі. Онда кетчуп, томат пас­та­сынан басқа да азық-түлік өнім­дері өн­деліп, Қазақстан мен Қытай және ТМД елінің нарығына тарайды. Жалпы, қызанақ тамшылатып суару тәсілімен егіледі. Алдағы уақытта бір зауыттың айналасында бірнеше өндіріс орны пайда болып, дамуы да әбден мүмкін. Мәселен, инвесторлар «Жан» шаруа қожалығына қарасты жылыжай жүйе­сін пайдалана бастады.
Ғани да, Рысбек те Талап ауылдық округінің тұрғыны. Ауылдың іргесінен жұмыс тауып, мол жалақы алып, әрі ең­бекке епті, сенімге мықты азамат екенін дәлелдеп отыр. Мамандардың айтуын­ша, әр гектардан 60-80 тонна өнім жи­налса онда еңбек шығыны толық ақта­латын көрінеді. Қазіргі қызанақтың шы­­ғымы мен түйнегі өте жақсы. Үміт бар. Демек, инвестор Жаңақорғанның жері жомарт екенін мойындауы тиіс.
Біз кері қайтуға қамдандық. Аудан әкімінің орынбасары екі жігіттің на­рыққа бейімделген ынтасына ризалық пейілін білдірді. Көңілге медеу бір ой келді: Әлі осы жігіттердің қолымен өсірген қызанағы шетел асып, сапалы тауар Жаңақорғанның бренді болуы мүмкін. Оған уақыт төреші, ал біз істің беташар бөлігін ғана көрдік.

Қаныбек ӘБДУОВ,
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
Жаңақорған ауданы,
Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар