Қыздар университеті 9 га жер учаскесін заңсыз иеліктен шығарған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 9 га жер учаскесін заңсыз иеліктен шығарған. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыздар университеті 9 га жер учаскесін заңсыз иеліктен шығарған

«Министрлік 2020 жылғы желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ішкі аудит жүргізу барысында Алматы қаласының жанындағы Кемертоған кентінде орналасқан, ЖОО-ға тиесілі алаңы 9 га жер учаскесін заңсыз иеліктен шығару фактісін анықтады. Бұл ретте жоғары оқу орындары жер телімдеріне қатысты шешімдерді Білім және ғылым министрлігінің келісімінсіз өз бетінше қабылдаған», - деді ол.

Оның атап өтуінше, аталған факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды.

«Сондай-ақ, 2020 жылы «Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ пен «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ-та да тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша жылжымайтын мүлік объектілерін заңсыз иеліктен шығару фактілері анықталған жоқ», - деді Асхат Аймағамбетов.