00:48, 03 Сәуір 2015 | GMT +5
Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін учаскелік полиция инспекторы 5,6 жылға сотталды - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөкей ордасы аудандық сотының үкімімен Ерлан Мұзданов ҚР ҚК 291-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 308-бабы 4-бөлігі «в» тармағымен (1997 жылғы редакцияда) айыпты деп танылып, құқық қорғау органдарында 7 жыл қызмет атқару құқығынан, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сондай-ақ полиция майоры шенінен де айырылды. Е.Мұзданов учаскелік полиция инспекторы міндетін атқара жүріп, өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, рұқсат мерзімінің аяқталуына байланысты басқа азаматтан алынып, қызметтік сейфте сақтаулы тұрған аңшы мылтығын Баешов деген азаматқа сатып жіберген.
Сот сонымен қатар мемлекеттік айыптаушының өтінішхатына сәйкес Мұздановтың ауыр қылмыс жасағанын біле тұра, оның еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты зейнетке шығуына ықпал еткен Бөкей ордасы аудандық ішкі істер бөлімі басшылығына қатысты жеке қаулы шығарды.