10:11, 28 Сәуір 2023 | GMT +5
Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді қорғаудың тиісті рәсімдері жасалмағаны анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2021 жылғы маусымда жер ресурстарының ұтымды басқарылуын, пайдаланылуын және қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ геодезия және картография саласындағы жер ресурстарының басқарылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аудит барысында Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктердің таралу ареалының мәртебесі, сондай-ақ қолданыстағы заңнамамен оларды қорғаудың тиісті рәсімі реттелмегені анықталды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамасындағы олқылықтарды жою мәселесін қарау туралы ұсыным берілді», - деп жазды Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметінен.
Осылайша, 2023 жылғы 2 қаңтарда Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген өсімдіктердің таралу аумақтарын айқындау тетігін және қорғау рәсімін реттейтін «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң қабылданды (16-бап).