14:58, 14 Ақпан 2011 | GMT +5
Қызыл үй ауылындағы мектеп оқушыларына автокөлік сыйға берілді - Атырау облысы
АТЫРАУ. 14 ақпан. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырау облысындағы Қызыл үй ауылындағы мектеп оқушылары он адамға арналған «УАЗ» автокөлігін сыйға алды.
Қызыл үй ауылы Махамбет ауданы орталығынан бар-жоғы жарты шақырымға жетпейтін жерде ғана орналасқан. Алайда оқу жылы ішінде ауылдағы орта мектептің оқушылары Махамбетте өтетін олимпиадаларға, семинарларға қатыса алмайтын. Себебі Қызыл үй ауылы мен аудан орталығы арасын Жайық өзені бөліп тұр. Сондықтан мектеп оқушылары өзенді мұз басқан қыста ғана кедергісіз аудан орталығына барып жүреді. Жылдың жылы мезгілінде Махамбетке жету үшін Атырау арқылы екі автобуспен қатынау қажет болатын.
Ал енді бұл мәселе шешіліп, мектеп оқушылары кез келген уақытта олимпиада немесе слет сияқты жиындарға өз көліктерімен барып, қатыса алады.