15:30, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
Қызылорда әкімдігінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының түйінді мәселелері қаралды
ҚЫЗЫЛОРДА. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Кеше облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалық етуімен облыс әкімдігінің мәжілісі болып өтті. Мәжілісте облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының түйінді мәселелері қаралып, оларды шешудің жолдары талқыланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Күн тәртібіндегі бірінші мәселе ? Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы және оны одан әрі дамыту міндеттері туралы аудан әкімі Бекмырза Еламанов хабарлама жасады. Аудан әкімі алдымен ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларын дамытуда қол жеткізілген жетістіктерге тоқталды. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру, бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз ету, ауданның негізгі саласының бірі ? ауыл шаруашылығында атқарылған жұмыстар барысы кеңінен қамтылды. Хабарламашы бүгінгі экономикалық дағдарыс жағдайында "Шалқия-мырыш ЛТД" ЖШС бойынша қысқартуға ұшыраған жұмысшыларды жұмыспен қамту барысында атқарылып жатқан оңды істерді атап көрсетті. Бүгінгі таңда компанияның 485 жұмысшысы қысқартуға ұшыраса, олардың 100-і жұмысқа қайта орналасты. Қалғандары ауданның басқа да құрылыс, өндіріс ошақтарына тартылуда. Қазақстанның "30 корпоративті көшбасшысы" бағдарламасына "Қорғасын-мырыш кен байыту фабрикасының құрылысы және Шалқия кенішін кеңейту" жобасы енгізілді. Уран өндіру саласы бойынша "Қызылқұм" ЖШС алғашқы өнімдерін шығарады деп күтілуде. "Байкен U" ЖШС құрылыс жұмыстарын одан әрі жалғастыруда. "СКЗ-U" ЖШС 2009 жылы күкірт қышқылы зауытының құрылысын бастайды. Күкірт қышқылы зауыты "Desment Ballestra" (Десмент Балестра) итальяндық фирмасы ұсынған осы заманғы жаңа технология негізінде жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын шығаруды және уран өндіретін кәсіпорындарды негізгі шикізат құрамымен қамтамасыз етуді көздейді. Осы жоба құрылысына 200-300 адам тартылатын болады.Аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласын дамыту, оның өнімділігін арттыру, әсіресе, мал тұқымын асылдандыру, өнімдерін өңдеу бағытындағы жүзеге асырылып жатқан шараларды баяндады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындап өткізуді ұйымдастыру мақсатында "Оңтүстік" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен ауданда көкөніс-бақша өнімдерін өңдеу бағытында "Жаңақорған сервистік дайындау орталығы" құрылды. Оған 175 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы бірлестіктерін құру жөнінде аудандық жұмысшы тобы құрылып, түсінік-насихат жұмыстары жүргізілуде.Жаңақорған ауданы халқын ауызсумен қамтамасыз етуде көптеген шешуін күтіп тұрған күрделі түйіндер бар. Олардың негізі - ауызсумен қамтамасыз етуге байланысты болып отыр. Нақты айтқанда, ауданда 8 мың адам суды тасымалдап ішсе, 4 мың адам құдық суын пайдаланады. Елді мекендерді былай қойғанда, аудан орталығы халқының 40 пайызы құдық суын пайдаланып отыр. Хабарламашыдан кейін сөз алған облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан оң істермен қатар бірқатар проблемалардың шешімін күтіп тұрғанын атап көрсетті. Ол ең алдымен ауызсумен жабдықтауға тіреліп тұр. Облыс басшысының атап көрсеткеніндей, кезінде құлау қаупіндегі мектептерді асар әдісімен қайта салу сол кездің қиындығына орай қалыптасқан проблемаларды біршама шешкен сыңайы бар. Ендігі жерде бүгінгі уақыттың талабына сәйкес үлгі жобадағы мектептер салу қажеттігі туындап отыр. Облыс әкімі басқа аудандармен салыстырғанда Жаңақорған ауданында ауызсумен қамтамасыз ету проблемаларының қордаланып қалғанын айтып, оны шешу жөнінде өзінің орынбасары Мархабат Жайымбетовке бірқатар міндеттер жүктеді. Нақты айтқанда бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, кезегімен шешудің мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Осы орайда Болатбек Баянұлы аудан халқының табиғи су көздерінің тазартылмаған суын пайдаланып отырғанын, өкінішке орай оның сапасы стандарт өлшеміне сәйкес келмейтінін атап көрсетті. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы жобалар жасау қажеттігі туып отыр. Сондай-ақ, аудандағы жол сапасы мүлдем сын көтермейді. Облыс әкімі "Атомөнеркәсіп" басшылығымен сөйлескенін тілге тиек етіп, бұл орайда қаржының әртүрлі көздерін қарастыру қажеттігін назарға салды. Әсіресе, елді мекендерге баратын жолдарды жөндеу кезек күттірмейтін мәселелердің қатарына жатады. Аймақ басшысы бүгінгі таңда бірінші кезекте атқарылатын жұмыстарды барынша електен өткізіп алудың маңызды екенін атап көрсетті. Кез келген сала басшысы ақша сұрайтын болса, кейін оның түпкілікті нәтижесі сол басшыдан қатаң сұралатынын ұмытпағаны абзал. Қалай болғанда да қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы талап етіледі. Сөз орайы келгенде, облыс басшысы бүгінгі дағдарыс тудырған жұмыссыздық жағдайын да назардан қағыс қалдырған жоқ. "Шалқия-мырыш" бойынша 485 адам қысқартуға ұшырады. Ауданда 1200 орындық мектеп құрылысы, күкірт қышқылы зауытының құрылысы басталады. Қысқартуға ұшырағандарды осы жобалар құрылысына тарту, сондай-ақ, күні кеше Көксарай су реттегіші құрылысының бас мердігерімен жасалған меморандумға сәйкес оған 1000 қызылордалықты тарту мәселесі бүгінгі таңда барынша өткір қойылуда. Облыс басшысының атап өткеніндей, бұл жоба бүгінгідей қиын кезде біз үшін үлкен қолдау болып табылады.
Облыстың ауыл шаруашылығы саласы күрделі кезеңді бастан өткізуде. Былтыр дәл осы уақытта Шардара су қоймасынан секундына 100 текше метр су алынса, қазір оның көлемі 30 текше метрге төмендеді. Су тапшылығының ауыртпалығы ең алдымен Шиелі және Жаңақорған ауданы диқандарының мойнына түседі. Сондықтан күріш егу мерзімін былтырғыдай тым созып алмай, қазіргі уақытта көлдерді толтырып алудың барлық мүмкіндіктерін пайдаланудың маңызы ерекше. Болатбек Баянұлы ауданда бақша өнімдерін тамшылатып суару жүйесіне көшуге бағдар ұстап, "Оңтүстік" әлеуметтік кәсіпкерлік-корпорациясының мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін назарға салды. Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі екінші мәселе ? облыста жылу беру маусымының өту барысы және электр қуатымен қамтамасыз ету жағдайы туралы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ерлан Сұлтангереев хабарлама жасады. Әкімдік мәжілісінің күн тәртібіндегі үшінші мәселе ? облыс әкімінің "2008 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2009 жылдың міндеттері туралы" есебінен туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Балжан Шәменова хабарлама жасады. Күн тәртібіндегі мәселеге орай облыс басшысы тұрғындармен есепті кездесуде өзінің 2009 жылы жүзеге асырылатын міндеттердің негізгі бағыттарын айтып өткенін, енді оларды нақтылап, орындалу мерзімін белгілеу қажеттігін әкімдік мүшелерінің назарына салды. Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.