16:24, 18 Маусым 2010 | GMT +5
Қызылорда дзюдошылары Өскеменнен олжалы оралды
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат (Руслан Игілік) - Қызылорда облысының дзюдошылары Өскеменде өткен Марат Шегеевті еске түсіруге арналған халықаралық турнирден қоржындарын медальдерге толтырып қайтты. Аталмыш турнирге еліміздің 12 өңірі мен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан 250-ге жуық балуан жігіттер мен қыздар қатысты.

Үш күн бойы татами төрінде 14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынаған спортшылар арасында қызылордалық спортшылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль алды. Қыздар арасында 70 кг. салмақта сынға түскен Динара Қодарова қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырына көтерілді. Осының нәтижесінде халықаралық деңгейдегі спорт шебері атағын қорғады. Ал Салтанат Жүсіпбекова (63 кг.) екінші орынға ие болды. Жігіттер арасында Руслан Әбдіразақов (100 кг.) пен Динара Досжанова (57 кг.) қола жүлдеге қол жеткізді. Спортшыларды жарысқа Ишанбек Жұмабаев пен Дархан Әлмаханов дайындаған.