Қызылорда қаласы «қызыл» аймаққа енгізілді
Өңірде соңғы бес күндікте күніне 36-дан 44-ке дейін қатерлі індетке шалдығу жағдайы тіркелуде. Жыл басынан бері 1102 науқас коронавирус инфекциясын жұқтырды. Пандемия басталғаннан бері 3170 жағдай тіркеліп, одан 9 адам көз жұмды.
«Соңғы күндері қаламызда коронавирус инфекциясының таралуы белең алып отыр. Ауырған науқастар саны күннен күнге көбеюде. Карантин шараларының күшейтілуіне қарамастан, кейбір тұрғындар қауіпсіздік шараларын сақтамай, адам денсаулығына қауіп төндіру жағдайлары жиі кездесуде. Халықтың көптеп жиналатын жерлеріне бармауларыңыз керек. Түрлі мерекелер мен той-томалақтарды өткізуді де тоқтата тұруымыз қажет. Бұл індетті тек барлығымыз бірлесіп қана жеңетінімізді естен шығармауларыңызды сұраймын», - деді Қызылорда қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Ұзақбаев.
Облыс орталығында 12 егу кабинеті бар. Жылжымалы егу пункттері де қаралған. Вакцинаның көлемі артқан кезде қосымша егу пункттерін ірі сауда орталықтарынан ашу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облысында карантин талаптары күшейтілді.