Қызылорда қаласында 73 көше жөнделеді

Республикалық, жергілікті бюджеттерден бөлінген 5 млрд. 225 млн. теңгеге, жалпы ұзындығы 81 шақырымды құрайтын 73 көшеге қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жайында облыс әкімдігінде өткен қаланың даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген мәжілісте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Сонымен қатар, 47 көшенің жолдары ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 75 млн.200 мың теңге бөлінді.
Жол инфрақұрылымын жетілдіруде жүргізіліп жатқан жұмыстар, қалалықтардың сұранысына сай, шет аймақтарды қамтуда және қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердің 14 көшесіне жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кету керек, қала аумағында жаңа мөлтек аудандардың бой көтеріп, кеңеюінен 2007 жылмен салыстырғанда бүгінде көше саны 2,5 есеге көбейді.
Қазір қалада ұзындығы 612 шақырымды құрайтын 765 көшенің 535-і асфальттанған, 138-іне - тас жол төселген, 92-сінде - қара жол бар.