21:16, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Қызылорда қаласында аула клубтары жұмысы нәтижелі жүргізілуде
ҚЫЗЫЛОРДА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында аула клубтары жұмысы нәтижелі жүргізілуде. Бұл туралы бүгін қалалық ішкі саясат бөлімі қаладағы аула клубтарының жұмысын көрсету мақсатында БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырған пресс туры арқылы белгілі болды.

Қызылорда қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қоры 2013 жылдың маусым айынан бастап «Қалада аула клубтарының қызметін ұйымдастыру» әлеуметтік қызметін жүзеге асыруда. Әлеуметтік қызметті жүзеге асыруға 2 млн. 844 мың теңге бөлінді. Есепті кезең ішінде қаладағы «Достық», «Шаттық», «Самғау», «Жұлдыз» аула клубтарында 31 спорттық, шығармашылық, мәдени-көпшілік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жоба аясында қала орталығында жаңадан 4 аула клубы ашылды. Атап айтар болсақ, «Титов» мөлтек ауданында «Шаттық» аула клубы, «Ақмешіт» мөлтек ауданында «Самғау» аула клубы сонымен қатар, «1001 ұсақ-түйек» мөлтек ауданында «Достық» және «Тасбөгет» кентінде «Жұлдыз» аула клубтары. Аталмыш аула клуб мүшелерінің арасында салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорттық бағытта түрлі 25 жарыс (шағын футбол, шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы) өткізілді. «Менің - аула клубым», «Астана - бала көзімен», «Жастар - салауатты өмір үшін», «EXPO - 2017», «Менің Қазақстаным», «Тұғыры биік - Астана», «Атамекен» тақырыптарында жас суретшілердің 8 көрмесі сонымен қатар, қазіргі заман биі бағыты бойынша 6 би байқауы ұйымдастырылды. Аула клубтарының жұмысын тиімді ұйымдастыру және дамыту мақсатында аула клуб үйлестірушілері үшін «Аула клубтарының қызметін тиімді ұйымдастыру» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында аталмыш тақырыпта әдістемелік-нұсқаулық әзірленіп, аула клуб үйлестірушілеріне таратылды. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында ұлттық өнерді дамыту, насихаттау мақсатында қолөнер шеберлерінің 4 көрмесі өткізілді. Барлық шараларға қатысушылар қоғамдық қордың дипломдарымен және жүлделі сыйлықтарымен марапатталды. Аула клубтарына барлығы 300-ге жуық балалар мен жасөспірімдер қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақыттарда да өз жалғасын табатын балады.