Қызылорда қаласында карантин режиміне өзгерістер енгізілді
Бұл өзгеріс тұрғындар арасында короновирус инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту мақсатында қолға алынды. Осы бағытта Қызылорда қаласы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы күшіне енді.
Қызылорда қаласы әкімдігінің хабарлауынша, облыс орталығында короновирус инфекциясының нақтыланған жағдайы 7 пайызға өскен. Осыған байланысты қала аумағында инфекцияны шоғырландыру және таралуына жол бермеу мақсатында шектеу шаралары енгізілді. Ол эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады.
Енді көпшілік мерекелік іс-шаралар, ұжымдық, отбасылық жиындарға тыйым салынады. Ал компьютерлік клубтар, букмекерлік және лото, мото-конторалардың жұмысы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен сағат 08.00-ден 20.00-ге дейін шектеледі. Ол бұрын 23.00-ге дейін болатын. Кинотеатрлар, түнгі клубтар, сауда ойын-сауық орталықтары жанындағы балалар ойын алаңдары қызметін тоқтата тұрады.
«Балаларға арналған жазғы тынығу, сауықтыру лагерлері, мектеп жанындағы күндізгі лагерлердің жұмыс жасауына тыйым салынады. Сондай-ақ, оқушылар және мектеп жасына дейінгі балалардың экскурсиясын өткізуге болмайды. Қалалық демалыс паркі өз жұмысын санитарлық-дезинфекциялық нормаларды қатаң сақтай отырып жалғасады. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар, мекемелер, ұйымдар, кәсіпорындар штат кестесінде 30-дан астам қызметкер болған жағдайда 50 пайыз қашықтан жұмыс жасау нысанында қалады. Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан жағдай қатаң бақылауда», - деп мәлім етті Қызылорда қаласының әкімдігі.
Жоғарыда аталған талаптардың сақталуын бақылау мақсатында қала әкімдігі жанынан мобильді топ құрылып, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, Қызылорда облысында 80 жастағы қария коронавирус жұқтырған болатын.