Қызылорда қаласындағы көптеген орындар көркейе түсті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында биыл абаттандыру және көркейту шараларына ерекше маңыз беріліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығында 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында «Тағзым алаңы», «Сыр Ана» монументі, «Темір жол паркі» және Назарбаев даңғылын абаттандыру жұмыстары қолға алынған.

«Теміржол» саябағында «Иман» ЖШС жөндеу жұмысын жүргізуде. Мұнда қала тұрғындары енді волейбол мен баскетбол алаңдарында бос уақытын тиімді өткізе алады. Оған қоса ретро сахнаның бойында субұрқақ орнатылған. Саябақ жолдары жаңаланып, оған тас төсеуіш төселеді. Нысан қыркүйек айының аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «Тағзым алаңы» аумағындағы қайта жаңғырту мен абаттандыру шаралары да көпшілік көңілінен шығуда. Қазіргі уақытта алаңның 6 шаршы метрге жуық аумағына түрлі-түсті тас төсеуіштер қойылды. Демалушылар үшін 30 орындық орнатылады, нысанның белгілі бір бөлігі темір қоршаумен қоршалады. Бұл жұмыстарға «Асанас-Дар» ЖШС мердігер болып танылған. Серіктестік қазір түнгі жарықтандыру шамдарын жаңалап, 10 мың шаршы метрден астам аумаққа көгалдандыру жұмысын өз қаржысы есебінен жүргізді. Алаң қыркүйек айының ортасында ел игілігіне беріледі.

Дария бойында орналасқан «Сыр Ана» монументінде «Техноснастка-Ремсервис» ЖШС мердігер мекемесі 3 мың шаршы метрден астам аумаққа көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Монумент маңында екі заманауи субұрқақ орнатылған. Мұнда жаяу жүргінші жолы, жаңа үлгідегі орындықтар, жарық бағаналары және 2 спорттық ойын алаңы бар.


Қаланың орталық бөлігіндегі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойындағы абаттандыру жұмыстары мен жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көше бойында 6 шақырымға жуық аумақ көгалдандырылды. Оған қоса тротуар салынады. Бұл жұмыстарға жауапты «Асанас-Дар» ЖШС аталған істі уақытында атқарамыз деп отыр.

Сондай-ақ, Қызылордада көпқабатты үйдің қабырғасына Абайдың бейнесі салынуда.


Соңғы жаңалықтар