Қызылорда қаласының бас жоспарына түзетулер енгізілмек

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының бас жоспарына бірқатар өзгерістер енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласының бас жоспарына түзетулер енгізілмек

Аталмыш бас жоспар 2009 жылғы 17 шілдеде бекітілген еді. Оған өзгерістер енгізу облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша мәжілісінде екшелді. Соңғы 5 жылда облыс орталығының даму жағдайы біршама өсті. Қалада еңселі ғимараттар ел игілігіне берілді. Қызылордадан Жезқазған бағытына қарай жол бойында жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа аймақ ашылды. Сырдария өзенінің Қызылорда қаласы тұсындағы сол жағалауында жаңа ғимараттар бой көтеріп, ол аймақты игеру шаралары қолға алынды. Ендігі мақсат - алдағы бес жылдықтың даму жағдайын нақты айқындау болып отыр. Осыған орай Қызылорда қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жоспарлануда. Бұл жұмыстармен тәжірибесі мол «Урбостиль» мекемесі айналысып келеді.

Мамандар қала шекарасында Тасбөгет пен Қызылжарма елді мекендеріне қатысты өзгертулер болуы тиіс екенін айтады. Қызылорда солтүстік бөлігіне, Құмкөл бағытына қарай дами бастады. Осыған орай қала аумағы да өсіп отыр. Бас жоспардың алғашқы кезеңінде облыс орталығының аумағы 11 мың гектар еді. Қазір ол 19960 гектарға жеткен. Бас жоспардың екінші кезеңі 2025 жылға есептелген. Бұған өзгеріс енгізілгеннен кейін ол қалалық және облыстық мәслихаттарда талқылаудан және мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Содан кейін Үкімет назарына ұсынылады.

Қырымбек Көшербаев жиын барысында қала басшылығына Қызылорданың іргесінде тұрған «Сабалақ» саяжай кешенін қала аумағына енгізу жөнінде нақты тапсырма берді. Мәслихат шешімімен бұл аумақ қала құрамына енгізілгеннен кейін ол жердің дамуына қаржы бөлуге болады.

«Тұрғындар үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым маңыздылығы жағынан басты мәселе болып отыр. Бізге көшені жарықтандыру, жолдар және тротуар төсеу және өзге де мәселелер бойынша тұрғындар тарапынан сауалдар жиі түсіп жатады. Қызылордалықтар жайлы өмір сүруі үшін сапалы жабдықталған инженерлік инфрақұрылымды талап етеді», - деді облыс әкімі.

Бұл орайда агломерация мен инфрақұрылымның жайылып кетпеуіне назар аударылады. Қала аумағы тиімді пайдаланылуы тиіс. Бүгінде Қызылорда қаласында 294 мың адам тұрады. Жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін алуға 60 мыңға жуық адам кезекте тұр.

Облыс әкімі қаланың кеңістікте дамуына назар аудару қажеттігіне тоқталды. Мұндай көріністі қазір сол жағалауда салынып жатқан ғимараттардан байқауға болады. Сондай-ақ, қалада бұрын тұрғын үйлер салуда біркелкілік аңғарылады. Ол бұрынғы кеңестік кезеңнен қалған жаттанды көрініс екені белгілі. Сондықтан тұрғын үйлердің сыртқы бейнесінде әркелкілік қажет.

Жиын барысында өзге де мәселелер талқыланды. Облыс әкімі бұл орайда тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

фото:kyzylorda.gov.kz