19:24, 27 Желтоқсан 2013 | GMT +5
Қызылорда қаласының үшжылдық бюджеті бекітілді
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының 2014-2016 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап e-kyzylorda.gov.kz сайтынан хабарланды.

2014 жылы қала бюджетінің өз кірісі 16 млрд. 300 млн. теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 197,2 пайызды құрады (2013 жылы - 8,2 млрд. теңге). Республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген трансфертті қосқанда 2014 жылдың бюджет көлемі 24 млрд. 600 млн. теңге болды.
2014 жылдың бюджетін қалыптастыру барысында салық базасына байланысты жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде қалалық бюджетке түсетін жеке табыс салығы 77,6 пайыз, әлеуметтік салық 70 пайыз болып белгіленді. Тиісінше облыстық бюджетке - 22,4 және 30 пайыз.
Сонымен қатар 2014 жылдан бастап қала бюджеті субвенциясыз, 2015 жылға 2 млрд. 91 млн. 682 мың теңге, 2016 жылға 4 млрд. 19 млн. 307 мың теңге алып қою қаралуда.