Қызылорда кітапханаларында 4,5 миллионнан астам кітап қоры бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда кітапханаларында 4,5 миллионнан астам кітап қоры бар, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Сыр өңірі ежелден мәдениет пен өнердің ордасы. Қойнауы сырға толы Қызылорда облысында мәдениет саласындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Қызылорда облыстық кітапханасында биыл дыбыс жазу студиясы ашылып, жоғары қабатқа көтерілетін арнайы баспалдақ алынды.

Сонымен қатар, 2016 жылға дейін Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында осы кітапханалардың арнайы пункттері қызмет көрсетсе, бүгінгі күні барлық аудандар пошта қызметі арқылы түгел қамтылып отыр. Нәтижесінде, облыс бойынша 237 зағип жанға 1 399 арнаулы әдебиет ұсынылды.

«Қазіргі таңда облыс кітапханаларының кітап қоры - 4 млн 507 мың дана. Оқырмандар сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында кітапханалардың кітап қоры биылғы жылы 3 мың 900 дана, мемлекеттік тапсырыспен 14 мыңға жуық жаңа әдебиеттермен толықты», - дейді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов.

Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Электронды архив», «Электронды кітапхана» ақпараттық жүйелерін қалыптастыру, жетілдіру, азаматтардың тиісті ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда облыс бойынша өлкетану бағытындағы 3 796 кітап (752 150 бет), 6 газет топтамасы цифрлы форматқа көшірілсе («Ленин жолы», «Путь Ленина» облыстық газеттері), архив құжаттарының 73 мың 154 сақтау бірлігінің 10 млн  542 мың парағы сандық форматқа көшіріліп, сақтандыру қорлары жасалды.

Облыс музейлерінің қорында барлығы 127 мың 807 экспонат бар. 2017 жылдың І жартыжылдығында 1 665 экспонат жинақталып, оның ішінде облыстық музей қоры 436 жаңа жәдігермен толықты. Сондай-ақ, Сыр өнерпаздары мамыр айында Ташкент, Орынбор қалаларында гастрольдік концерттер өткізді.

Баршаңызға белгілі үстіміздегі жылдың 10-14 тамыз күндері «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Қызылорда облысының мәдениет күндері өтті. «Этноауыл» ұлттық мәдени кешеніндегі «Сыр жешіресі» атты көрмеде өңіріміздің қолөнер шеберлері 10 күн бойы сату-көрмелерін өткізді.

Елбасы мақаласынан туындайтын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» республикалық тізіміне облыс бойынша 63 табиғи, тарихи-мәдени ескерткіштер ұсынылды.

Бүгінгі күні «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығы таңдап алған республика бойынша 100 макросакралды обьектіге біздің облыстан 10 ескерткіш енгізілді (Жанкент, Сығанақ, Шірік рабат, Жент қалашықтары, Қорқыт ата мемориалды кешені, Христос-Спаситель шіркеуі, Оқшы ата, Қорасан ата және Қылышты ата кесенелері, Бегім ана мұнарасы).

Сонымен қатар Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілсе, биылғы жылы жаңадан Сортөбе, Жент қалашықтары мен Кердері кесенесіне қазба жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар