Қызылорда көркемсурет галереясына Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда көркемсурет галереясына белгілі суретші Салихитдин Айтбаевтың есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада 13-25 маусым аралығында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан қылқалам шеберлерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Аға ұрпақ өнері - жастарға аманат» атауымен қылқалам шеберлерінің халықаралық симпозиумы өтті.

Бұл шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында жүзеге асырылды.

Көркемсурет галереясына Салихитдин Айтбаевтың есімі берілу салтанатына орай өткізілген шараға қатысқан Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев симпозиум қатысушыларын құттықтап, оларға алғыс хат табыстады. Сондай-ақ, аймақ басшысы көркемсурет галереясы Салихитдин Айтбаевтың есімімен аталатынын мәлімдеді.

«Қызылорда қаласы - қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың, түбі бір түркі мәдениетінің алтын көмбесі, Қазақ Республикасының тұңғыш астанасы. Бұл жерде сан түрлі өнер туындылары көптеп кездеседі. Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясының қоры өнер туындыларына тола берсін», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі суретші Салихитдин Айтбаевтың жұбайы Ләззат Қожабекованы құттықтады. Өз кезегінде, халықаралық симпозиумның өнертанушы, Қазақстан Республикасы суретшілер кеңесінің хатшысы Жамбыл Нәтбаев облыс әкіміне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, оған симпозиумға қатысушылардың қолынан шыққан шығарманы табыс етті.
null

Одан кейін келушілер Салихитдин Айтбаевтың шығармашылығына арналған көрмемен танысты.

С.Айтбаев (1938-1994) - кескіндемеші, суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі. Оның «Шопандар демалысы», «Бақыт» картиналары қазақ бейнелеу өнеріне ерекше көрініс береді. «Ә.Әлімжанов», «Ана», «Әке», «Шопан», «Абай» портреттерін, ортағасырлық Хиваның сәулет ескерткіштеріне арналған жұмыстар сериясын жазды. С.Айтбаевтың шығармалары Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында және қазіргі заманауи өнер мұражайында сақталуда.

null

Соңғы жаңалықтар